Алғашқы кездесуге арналған киім үлгілері

Алғашқы кездесуге арналған киім үлгілері
Фото: amur.kz

Алғашқы кездесуге не киіп бару — бойжеткендер үшін үлкен сауал. Себебі алғашқы әсер ең маңыздысы десек қателеспейміз. Төменде біз назарларыңызға алғашқы кездесуге киіп баруға болатын 3 киім үлгісін ұсынып отырмыз.

3. Қарапайым көйлек + классикалық туфли

«Егер сізді қандай да бір әйел өз көркімен қайран қалдырса, алайда сіз оның қандай киімде болғанын есіңізге түсіре алмасаңыз, оның мінсіз киінгендігін білдіреді»,− дейді атақты Коко Шанель. Бұл сөздерден қарапайым киінуде тұрған ештеңе жоқ екендігін байқаймыз. Бастысы  киімнің сізге үйлесімді болуы. Шағын қара көйлек (немесе сіздің пішініңізге жарасымды кез келген көйлек) және өкшесі қатты биік емес классикалық туфли — бұл тартымды кейіптің негізі. Оған уақытын сіздің киім үлгіңіздегі көптеген ұсақ бөлшекке (деталь) кетіргенше, сізді жеке тұлға ретінде тануға мүмкіндік беріңіз.

2. Джинс шалбары + жеңіл әрі ыңғайлы туфли (немесе танкетка)

Зерттеулерге сәйкес ер адам скинни джинс шалбарын тартымды деп санайды екен. Бұл дегеніміз міндетті түрде скинни шалбарын кию керек деген сөз емес. Бастысы− джинс шалбардың сіздің пішініңізге сай болуында. Джинс шалбарды топпен немесе жейдемен киіңіз. Егер киім үлгіңізді тіптен қарапайым санасаңыз, ерекше клатч сөмкесін және ашық түсті әшекей қосыңыз. Аяқ киімнің аздаған өкшесі болғаны дұрыс.

1. Романтикалық пачка-белдемше + слипон аяқ киімі

Нәзік түсті пачка-белдемшені қарапайым топпен киіңіз. Киім үлгіңіздің салмақты болғанын қаласаңыз, пачка-белдемшенің қара немесе сұр түсін таңдаңыз. Пачка-белдемше зейін аудартатын киімдер қатарына жататындықтан, бұл киім үлгісіне қосымша әшекейлер тағудың қажеті жоқ. Аяғыңызға слипон аяқ киімін немесе балетка таңдаңыз.

Алғашқы кездесуге мына киімдерді кимеген жөн:

Соңғы трендтегі киімдер. Мұндай киімдерді ер адаммен емес, құрбыларыңызбен кездесуге шыққанда киіңіз. Мысалы, 90-жылдар стиліндегі киімдерді киіп шығар алдында оны жақын танып алыңыз. Әрине, егер бұрыннан қалыптасып қалған стиліңіз сондай болып, киімдеріңіз де тек сол стильде болса, оны алғашқы кездесуге киіп баруыңызға болады. Алайда егер бірінші рет тәжірибе жасап, киіп шыққыңыз келсе, оны одан кейінгі кездесулерге қалдырыңыз;
Спорттық үлгідегі киімдер. Егер ол сізді романтикалық кездесуге шақырса, спорттық киімде өзіңізді ыңғайсыз сезінетініңіз анық. Егер күнделікті киім үлгісін жасағыңыз келсе, түгелдей спорттық киім кимей-ақ, киім үлгіңіздегі бір киімді ғана спорттық стильде таңдау жеткілікті;
Өте ашық (ұятсыз) киімдер. Кездесуге қысқа белдемше, қысқа көйлек немесе ашық топ киюдің қажеті жоқ.

А. Жапатова