Сән-2016: Трендтегі сырғалар

Сән-2016: Трендтегі сырғалар
Фото: amur.kz

Әшекейлер ежелден бері әйел гардеробының ажырамас бір бөлігі болған. Оны әлі күнге дейін археологиялық қазбалардан табылып жатқан заттар арасынан көріп білеміз. Қазір гардеробтың бұл сәнді құрауышы түрлі сәнді үлгілер жасауда қолданылады. Әшекейдің ерекше тобына сырғаларды жатқызамыз. Оны дұрыс таңдай білсеңіз, бет пішінін өзгертіп, иесіне ерекше сұлулық сыйлай алады. Әлем бойынша өткізілетін сән көрсетілімдерін ескере отырып, 2016 жылы трендте болатын сырға түрлерін ұсынамыз.

Пусеттер

Шағын пусеттер қойлайлылығымен көпке танылды. Мұндай сырғалар іскерлік киіммен және кешкі көйлекпен жақсы үйлеседі. Ол пішінінің, түсінің, материалының түрлілігімен кез келген киім үлгісін ерекше етіп толықтыра алады. Ықшамды классика әрқашан сәнде болмақ. Талғампаз әрі сәнқой бойжеткендер үшін пусеттер ең ыңғайлы шешім. Мұндай сырғалар кедергі келтірмейді, жағымсыз әсер қалдырмайды.

Інжу тасы бар сырғалар

Сәнді інжу тасы 2016 жылы сән көрсетілімдерінде назарда болды. Дизайнерлер өз таңдауын інжудің табиғи әдемілігімен және жалтырымен түсіндіреді. Биылғы жылы інжу сырғалардың кез келген пішіндегі және көлемдегі түрлері трендте болады.

Ұзын сырғалар

Осы маусымда ұзын сырғалар кешкі мерекелік киім үлгісінің қосымшасы ғана емес, күндізгі әшекей ретінде де қолданыла береді. Олардың түрлі үлгісі бар. Жіңішке түрлерінен ірі көлемді түрлеріне дейін сәнде болмақ. Тағуға ыңғайлы болуы үшін сырғаның жеңіл материалдан жасалған түрін таңдаған жөн. Ұзын сырғалардың ішінде танымалдылыққа ие болып жатқан үлгілерінің бірі — этникалық стильдегі сырғалар. Ұзын жіптері төмен салбырап тұратын түрлері трендке айналып үлгерді.

Геометриялық пішін

Көптеген дизайнер сырғаларды нақты геометриялық пішінде шығарып жатыр. Олардың барлығы дерлік өте көлемді болып келеді. Ромб, үшбұрыш, шеңбер секілді түрлері де кездеседі.

Тамшы сырғалар

Сәнді әшекейлердің ішінде трендке айналған сырғалардың бірі — тамшы пішінді сырғалар. Мұндай аксессуарлар арқылы кешкі мерекелік киім үлгісін толықтыруға болады. Ол ерекше нәзік етіп көрсетеді.

А. Жапатова