Бітіру кеші 2016: Маникюр

Бітіру кеші 2016: Маникюр
Фото: www.aliexpress.com

Бойжеткендер үшін бітіру кеші — ұмытылмас әсер қалдыратын кештердің бірі. Егер көйлекті, әшекейді және шаш үлгісін таңдап қойсаңыз, келесі кезек кейпіңізді толықтыратын маникюрге келді. Бүгінгі материалда бітіру кешіне арналған 2016 жылғы сәнді әрі әдемі маникюр түрлері туралы білетін боласыздар.

Кейпіңіз мінсіз және толық сәнді болуы үшін барлығы үйлесімді болуы тиіс. Киім, әшекей және маникюр ұқсас түстік гаммада және бір стильде болғаны жақсы. Маникюрді бірнеше түстермен жасататын болсаңыз, металл реңкті алтын және күміс түске тоқталған жөн. Егер бір түсті маникюрге келетін болсақ, алқызыл, ақшыл көк, шабдалы, қызыл және қою көк түсті таңдасаңыз болады.

2016 жылғы бітіру кешіне арналған бадам (миндальный) түсті маникюр

Тырнақ дизайнымен жұмыс істейтін нейл-арт мамандары бойжеткендерге 2016 жылы бітіру кешіне тырнақтарын бадам түсті лакпен бір түсті етіп бояуды ұсынып отыр. Сонымен қатар, ашық түсті лактың үстіне бадам гүлі жапырақтарының суретін салуға да болады.

2016 жылғы бітіру кешіне арналған бір түсті маникюр

Көптеген нейл-арт эксперттері тырнаққа бір түсті маникюр жасағанды жөн көреді. Трендтегі маникюрге көгілдір, алқызыл, ашық жасыл және ақшыл көк (сиреневый) түспен қапталған түрлері жатады.

Тырнаққа арналған құбылмалы (хамелеон) лак

Қазіргі кездегі жаңа трендтің бірі — тырнақты құбылмалы лакпен бояу. Мысалы, егер тырнағыңызды алқызыл түске боясаңыз, бірден екі түске ие боласыз. Ол жылы кезде – алқызыл, суықта – ақшыл көк болады. Мұндай лакты кез келген кәсіби дүкеннен алуға болады.  

Қанық қызыл түс

Классикалық жанрға бірқалыпты қанық қызыл түсті жатқыза аламыз. Бұл түс кез келген киіммен жақсы үйлесім табады және сәннен кетпейді.

Бітіру кешіне арналған маникюрді қалай безендіруге болады?

Бойжеткендердің барлығы бірдей өзіне ұнаған суретті тырнағына сала алмайды. Егер сұлулық салонына баруға мүмкіндік болмаса, қылқаламның орнына арнайы жапсырмалар алыңыз. Түрлі түсті страздар, пайеткалар, шілтер және гүлдің суреті бар жапсырмалар алуға болады.

А. Жапатова