Қандай түсті балетка таңдайсыз?

Қандай түсті балетка таңдайсыз?
Фото: styleafternine.com

Балетканы ескі сәндегі аяқ киім деуге келмейді, себебі ол — бойжеткен гардеробындағы классика. Әр мезгілде аяқ киім трендтері өзгеріп отырғанмен, ыңғайлы әрі шағын балеткалар сәннен кетпейді. Бұл материалда балеткалар түсіне қарай қандай киіммен жақсы үйлесетінін біле аласыздар.

Қара балетка

Қара балетканы ең әмбебап аяқ киім десек қателеспейміз. Олардың қарапайым былғарыдан жасалған және қосымша бұйымдармен (принт, жапсырма, бант) ерекшеленген түрлері де көптеп кездеседі. Ең ұтымды үйлесімге қара балетка мен шағын қара көйлекті жатқызамыз. Оны кез келген кездесуге (романтикалық, іскерлік, достық) ойланбастан киюге болады. Қара балеткамен спорттық үлгіден басқа түрлі ерекше киім үлгісін жасауға болады.

Ақ балетка
Ыстық күндері ақ балетканы жазғы киімдермен үйлестіру жеңілге түседі. Мысалы: ашық түсті джинс шалбар, нәзік түсті көйлек, гүлді принтті үлпілдек белдемше, бохо стиліндегі сарафан.

Көк балетка

Қара түстен шаршап, алайда бірден көзге түсетін түстерді киюден бас тартатын бойжеткендерге көк балетканы таңдаған жөн. Көк балетканы кеңсе киімдерімен үйлестіруге болады. Егер күнделікті киіммен кигіңіз келсе, джинс шалбарымен үйлесетініне күмәніңіз болмасын.

Сарғыш (бежевый) балетка
Nude түстес балетка аяғыңызды ұзын әрі жіңішке етіп көрсетеді. Бохо стиліндегі және джинсті total look киім үлгісіне өте жақсы үйлеседі. Сонымен қатар, сарғыш балеткаларды 70-ші жылдар үлгісіндегі киімдермен сәйкестендіруге болады. Мысалы: ұзын белдемше, кең жиекті қалпақ, кестелі көйлек, шашағы бар көлемді сөмке.

Қызыл балетка

Қызыл балетка көзге бірден түседі. Ол теңіз стиліндегі барлық киіммен жақсы үйлесім табады. Сонымен қатар, оны жіңішке көк шалбармен, жолақты футболкалармен және ақ киімдермен сәйкестендіруге болады.

Алқызыл балетка
Нәзік алқызыл реңк — 2016 жылдың ең сәнді түсі. Сондықтан батылдық білдіріп, алқызыл балетка таңдауыңызға болады. Салқын күндері алқызыл балетканы сарғыш түсті бомбер күртесімен немесе джинс күртесімен киіп, жылы күндері оны пачка-белдемшемен үйлестіруге болады. Алқызыл балетканы барлық нәзік түсті киімдермен кие беріңіз.

А. Жапатова