Күзгі сән – 2015. Қолшатыр

Күзгі сән – 2015. Қолшатыр
Фото: 1freewallpapers.com

Жаз өтіп, ми қайнатқан ыстық бәсеңдеп, қоңырқай күз келіп жетті. Сондықтан дүкен аралап, маусымдық киім іздегенде қолшатырды да ұмытпауымыз керек.

Қолшатыр біздің заманымыздан бұрынғы ХІ ғасырда Мысыр мен Қытайда пайда болған. Бұл кезде қолшатырды билік басындағылар ғана ұстайтын еді. Қолшатыр ұстау үрдісі бірте-бірте басқа елдерге де тарады. Ол кезде қолшатырдың көлеміне қарап, адамдардың әлеуметтік жағдайын білуге болатын.

Жиналатын қолшатыр алғаш рет Парижде 1715 жылы жасалды. 1750 жылдан бастап, қолшатыр жаңбырдан қорғану үшін шығарыла бастады.

Бүгінде қолшатырдың көлемі ғана емес, түр-түсі, материалы да әртүрлі. Кез келген жан тек арзан-қымбатын ғана емес, өзіне ұнайтынын да таңдай алады.

Қолшатырды жаңбырдан қорғанатын аксессуар ғана деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені ұстаған қолшатырына қарап, адамның мінезін, көңіл-күйін, бейсанасындағы жасырын жайттарды анықтауға болады. Мысалы, романтикаға жаны жақын бойжеткендерге мультфильм кейіпкерлері немесе жануарлар суреттері салынғаны, ал консерваторларға классикалық түрі ұнайтыны сөзсіз. Оптимист өзінің ішкі дүниесіне сай ашық түстісін, пессимист сұр, күзгі солған жапырақтар бейнеленгенін таңдауы ғажап емес. Ұзын, бүгілмейтін қолшатыр иесін сәнқой деп ойлаймыз, ал психологтар тереңірек үңіліп, оның өзін қорғайтын жанды қажет ететінін айтады. Ұқыпты жандар шағын, сөмкеге салуға ыңғайлысын алады.

Дресс-код қатаң талап етілетін кеңседе істейтіндер бірсарындылықтан бір мезгіл сергу үшін принттері бар қолшатырды таңдап жатады.

Сырт көрінісінен бөлек сапасына да мән беруді ұмытпаңыз. Сапалы қолшатыр шелектеп құятын нөсер жаңбырға және қатты желге төтеп бере алатындай болуы тиіс.

Сапалы қолшатырды қалай таңдаймыз?

Алдымен оның ішкі жағындағы мәлімет жазылған биркаға көңіл аударамыз. Мұнда матасының қандай материалдан жасалғаны, кейде қандай күтім жасау керек екендігі жазылады. Егер ол болмаса, қолшатырдың матасын мұқият тексеріңіз. Сізге нейлон, полиамид сияқты қалың матадан тігілгені қажет. Одан соң сым шабағын қараңыз. Темірден жасалғаны сапалы болып келеді.

Аспаныңыз әрдайым ашық болсын!

Ф. Абилова