Әлемдегі ең қымбат тастар

Әлемдегі ең қымбат тастар
Фото: newpix.ru

Көптеген адам гауһарды ең қымбат тас деп санайды. Алайда одан да қымбат әрі әдемі асыл тас түрлері баршылық. Олар қандай тастар?

Еремеевит

Еремеевит — алғаш рет 1883 жылы Байқалдың арғы жағынан табылған, сирек кездесетін асыл тас. Басында оны ашық көгілдір түсіне қарап, аквамарин деп қабылдаған еді. Соңғы жүзжылдықтарда оның ашық сары, түссіз түрлері табылды. Алайда нарықта еремеевиттің көгілдір түсі ең қымбат тастардың бірі саналады. Оның атауы орыс минерологы Павел Еремеевтің құрметіне қойылды. Еремеевиттің бір караты орта есеппен 1500 долларға тең.

Көгілдір гранат

Көгілдір гранат — алғаш рет 1990 жылдың соңына қарай Мадагаскарда табылды. Бүгінде мұндай түстес тастар АҚШ, Танзания, Шри-Ланка, Кения мен Норвегияда кездеседі. Олардың басты ерекшелігі – жарық ауысқанда түсін өзгертеді. Жарық кезде ол көгілдір, көк, жасыл болса, жасанды жарықта қызарады. Бүгін бұл тастың 1 караты 1500 долларға тең.

Қара опал

Қара опал — опал тобының ең асыл тасы. Оны Австралия, АҚШ, Бразилия мен Мексикада табуға болады. Бұл типті опалдың түсі сұрдан қараға дейін кездеседі. Қазір бұрынғыдай сирек кездесетін болмаса да, қара опал өте қымбат тұрады. Жоғары сапалы тасының 1 караты шамамен 2000 долларға тең.

Демантоид

Демантоид — гранаттар тобының жасыл, сары-жасыл реңкті тасы. Біраз уақыт бұл тасты тек коллекционерлер танып, білетін. Негізгі кен орындары — Иран, Пәкістан, Ресей, Кения, Намибия мен Танзания. Жыл өткен сайын бұл тастың танымалдылығы артып келеді. Онымен қатар бағасы да өсуде. Бүгінде демантоидтің бір караты әлем нарығында шамамен 2000 долларға тең.

Тааффеит

Тааффеит — әлемдегі сирек тастардың бірі. Оның аты алғаш тапқан Эдуард Тааффенің құрметіне қойылған. Ол 1945 жылы асыл тастардың арасынан ерекше көзге түсетін үлгіні көріп қалып, өз атымен атады. Тааффейттің реңктер спектрі лаванда түсінен ашық қызғылтқа дейін ауысады. Қазірде бұл ерекше минерал Шри-Ланка мен Танзания кен орындарынан ғана шығады. Жоғары сапалы үлгілерінің бір караты 2-5 мың долларға дейін бағаланады.

Ф. Абилова