Жазғы сән: Жейде-көйлек

Жазғы сән: Жейде-көйлек
Фото: pinterest.com

Жейде-көйлек – биылғы жаздағы басты трендтердің бірі. Бұл - иығы кеңдеу тұратын, тұтас пішілген, жағасы бар көйлек. Ол оверсайз стиліне жататындықтан, оны белдікпен киген дұрыс. Мұны дизайнерлер шемизье деп те атайды.

Жейде секілді бұл көйлек те түймеленеді. Оны ең алғаш Коко Шанель ойлап тапты. Сол заманнан бері бұл көйлек сән подиумынан түскен емес.

Жейде-көйлекті қонаққа, серуенге, тіпті офиске де киіп баруыңызға болады.

Бұл көйлек кімдерге жарасады?

«Құмсағат» пішінді аруларымызға тізеден сәл төмен түсетін үлгідегі көйлек лайық. Ал «банан», яғни, «Н» пішінді қыздар ашық түсті, жұқа матадан тігілген, тізеден жоғары тұратын көйлекті таңдағандары жөн. "Алма" сынды аруларға қысқа түрін белдіксіз киген жарасады.

Арық қыздар ірі жолақты немесе тартан принтті көйлекті киюлеріне болады. Толықша келген қыздар жеңі ұзын, орташа ұзындықтағы белдіксіз көйлек үлгісін таңдағаны абзал.

Биыл миди (тізеден төмен) және макси ( тобықтан төмен) ұзындықтары сәнде болғандықтан, суреттегідей көйлекті алып, must have-қа батыл енгізе аласыз. Мұндай көйлекпен тойға, кешкі жиындарға киіп барып, жұртшылықты ажар-сымбатыңызбен таңғалдыратыныңыз сөзсіз.

Көйлекті немен үйлестірген жөн?

Туника сияқты қысқалау келетін түрін скинни джинс шалбарымен немесе леггинспен үйлестіруге болады. Ал аяғыңызға биік өкшелі туфли немесе балетка, кроссовка киіп, образды толықтыра аласыз.

Ақшылдау түстегі көйлектерді деним жеңсізімен киген сәнді көрінеді.

Аксессуар ретінде жіңішке белдік, ұзын алқа мен кішілеу сырға тағуға болады. Былтырғы күзде сәнге кірген кроссбоди әлі біраз уақыт қыздардың иықтарынан түспесі анық. Сол себепті кроссбодидың өзіңізге ерекше ұнаған түрін таңдап, дәл осы стильге де пайдалана аласыз. Ал егер классикалық образ жасағыңыз келсе, жеңіл цифон шарф тағыңыз.

Көйлек түсін таңдауда ақ, сары, көк, күлгін түстердің биылғы сәнде екенін ұмытпағайсыз.

Ф. Абилова