Сән әліппесі: Экологиялық стиль

Сән әліппесі: Экологиялық стиль
Фото: gazetagreencity.ru

Адамзат баласы алдымен табиғатты, келе-келе әртүрлі ғылымдарды зерттеп, оның игілігін өз пайдасына жарата бастағаннан бері көп уақыт өтті. Күнде бір жаңа нәрсе дүниеге келіп жатқандықтан, қазір ғылым-білімнің жетістігіне таңғалу қиын. Синтетикалық талшықтарға бас ұрған кезең де болды. Дегенмен адам өз болмысы Табиғат-анаға жақын болғандықтан, бірте-бірте химия өнімдерінен гөрі табиғи заттарға деген сұраныс жаңғыра бастады. Осылайша киімдегі экологиялық стиль пайда болды. Әрине экологиялық стильге тән материалдарды ата-бабалармыз бұрын да қолданған, бірақ оған ешкім ат қойып, айдар тақпаған.

Сонымен экологиялық стильге не жатады?

Экологиялық стильдегі киімдер, аяқ киімдер, тіпті аксессуарлар табиғи материалдардан жасалады. Бұл материалдарға жібек, жүн, бамбук, мақта, зығыр, кендір, зығыр, былғары жатады.

Киімді дайындау принципі адамға барынша пайдалы, денені қыспай, ыңғайлы болуы қажет. Мысалы, денеге еркін тұратын аталмыш материалдардың бірінен тігілген бойфренд шалбары мен жейдесі, «крестьянка» блузасы мен көйлегі, етегі кең пішілген макси, миди белдемшелер, арт-деко және оверсайз стиліндегі көйлектер. Былғары не матадан жасалған жайлы аяқ киімдер. Тастан, былғарыдан, металдан, қағаздан, бамбуктан жасалған аксессуарлар, яғни, әр халықта бар этникалық стильдегі әшекей бұйымдар образыңызды толықтырады.

Бұл стильдегі киімдерді дресс-код қатаң сақталмайтын жұмыс орындарына, еңбек демалысы кезінде, саяжай мен жағажайда киген дұрыс.

Әйгілі дизайнерлердің барлығы дерлік табиғи матадан тігілген киімдерді өз коллекцияларын қосып жүргенімен, экологиялық стильді арнайы ұсынған американдық сәнгер - Линда Лаудермилк.

Біздің еліміздегі өте ыстық болатын маусым, шілде, тамыз айларында экологиялық стильді қолдансаңыз, өзіңізді жеңіл әрі сәнді сезіне аласыз. Тек киім таңдауда өзіңіздің дене бітіміңіздің ерекшелігін («алма», «алмұрт», «банан») ескере отырып, қолайлысын табуды жадыңызда ұстағаныңыз абзал.

Ұқсас жазбалар:

Жазғы сән: Арт-деко стилі

Әр аруға сән беретін стиль түрі – smart-casual

Ф. Абилова