Жазғы сән: Нағыз арулар бұйымы – чокер

Жазғы сән: Нағыз арулар бұйымы – чокер

Жадырап келген жазбен бірге қыз-келіншектер де түрленіп, елдің көркін кіргізіп, құлпырып сала береді. Әрқайсысының әдемілігіне көз тоймайды. Әсіресе, жарғақ құлағы жастыққа тимеген дизайнерлердің әйел қауымына ұсынған жаңа сәндегі киімдерін киіп, бұйымдарын тағып шыққаныңызда өзіңізді-өзіңіз танымай, таңғалып қаласыз.

Биылғы трендтегі жаңа аксессуарлардың бірі – чокер. Бұл – тамақты жауып тұратын алқа.

Чокер ХVІІІ ғасырда Франциядағы әйел затының сүйікті әшекей бұйымдарының бірі болған. Тіпті британ королінің жұбайы Александра мойнындағы тыртығын көрсетпеу үшін үнемі тағып жүруді әдет етті. Бұдан соң чокер бүкіл АҚШ, Еуропа елдерінің әйелдері тағатын қымбат сән бұйымына айналған.

Ал ХХ ғасырда әйгілі Коко Шанель чокерді түрлі материалдан жасап, сән әлеміне өмірлік мұра етіп қалдырды.

Чокер төрт түрлі етіп жасалған:

1. Барқыттан, жібек атластан, шілтерден тігілген жалпақ чокер. Ортасына тастардан әшекей қондырылады. Мұндай түрін үйде өзіміз де жасай аламыз.

2. Бірнеше қатар ұсақ інжу жібінен жасалады. Мұны да жасау қиындық туғызбайтын секілді, тек табиғи інжуді таңдаған абзал. Жасанды інжулер де трендте, дегенмен бірнеше қатардан істелетін болған соң, жасанды тас көзге оғаш, арзанқол көрінеді.

3. Бірнеше қатар інжу жібінің ортасына тас немесе зергерлік өрнек орнату. Бұл әрине алдыңғы екеуіне қарағанда, шеберлікті талап етеді, қолыңыздың ебі болса, жасап аласыз.

4. Қымбат металл тастарымен безендіріп, жасалған чокер. Әлі күнге дейін король отбасылары мұндай чокерді құрметтеп, пайдаланады. Оны отбасы жәдігері ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып отырады. Әлбетте бұл түрін тек он саусағынан өнер төгілген, нағыз зергер ғана жасай алады.

Қазіргі дизайнерлер жоғарыда айтылған чокердің классикалық түрлерін жетілдіріп, заманауи нұсқаларын жасап шығарды. Той-думандарға лайық асыл тастардан жасалғандары да, күнделікті не жағажайдағы демалысқа жарамды шынжыр, пластик, мата сияқты қымбат тұрмайтын түрлері де кездеседі.

Алайда чокер жұрттың бәріне бірдей жараса бермеуі мүмкін. Мойны жіңішке қыз-келіншектердің батыл таға беруіне болады. Ал егер чокер тамағыңызды қысып, ыңғайсыздық тудырса, дәрігерге барып, қалқанша безін тексертіңіз.

Сурет: liveinternet.ru, shop.ru, vse.kz

Ұқсас жазба:

Көктемгі сән: әшекей бұйымның төресі – інжу

Ф. Абилова