Көктемгі сән: Спорттық аяқ киімдерді спорттық емес үлгіде кию

Көктемгі сән: Спорттық аяқ киімдерді спорттық емес үлгіде кию

Спорттық аяқ киімдердің түрлерімен ешкімді де таңғалдыра алмайсыз. Алайда 2015 жылғы тренд жаңалығы спорттық аяқ киімдерді спорттық емес үлгіде кию.

Бұл қалай дейсіз ғой?

Бұл кроссовкіні, кеданы не слиперді әдеттегідей трикомен немесе тіпті джинспен де кию емес. Кроссовкіні аң терісінен жасалған ішікпен еуропалықтар бұрыннан да кие беретін. Енді стилистер спорттық аяқ киімді smart casual стилі былай тұрсын, той көйлектерімен де үйлестіре алатынымызды айтып отыр. Әрине көктемнің ызғарлы алғашқы айында кроссовкі ыңғайлы. Ал кеда мен слиперді жылырақ кезге қалдырыңыз. Өйткені сән қуам деп денсаулықтан айырылып қалмау жағын да ойластырған жөн. Екі-үш жыл бұрын сникерстің өкшесі тұтас құйылған түрі сәнге енсе, енді кәдімгі жай табан кроссовкіні де күнделікті өмірде батыл кие бересіз.

Әйел заты әрқашан өзінің нәзіктігін есінде ұстауы керек, сондықтан дизайнерлер аяққа ыңғайлы кроссовкіні тек үйреншікті street wear (таза спорттық үлгіде) түрінде ғана емес, smart casual және дресс-код қатаң сақталматын жұмыс орнында business casual стилінде де үйлестіріп, елді елең еткізді.

Классикалық пальтомен үйлестіру. Құрбыңызбен жақсы фильм көруге, концертке, дүкен аралауға, бір сөзбен айтқанда, жаяу жүретін жерлерге барғанда, алайда сәнді киіну қажет болған жағдайда осы образды қолдана аласыз.

Жеңсізбен кию. Теріден жасалған жилет өткен жылдардан бері must have-қа айналған. Енді оған ұзынды-қысқалы жеңсіз жакет қосылды. Осылардың қайсысымен болмасын киіп, классикалық қара шалбармен не белдемшемен үйлестіріп, дресс-код қатаң сақталмайтын жұмысқа, кездесулерге бара аласыз.

Коктейль кештер образы. Сән әлемінің білікті мамандарының бірі дизайнер Карл Лагерфельдке қысқа теріден жасалған жилетті былғары белдемшемен, кроссовкімен киіп ұзақ жүретін кешкі шараларға барған ұнайды. Былғары белдемшені плиссемен де алмастыра аласыз. Алайда бұл стиль 45-ке дейінгі жастағыларға ғана жарасады.

Талғамы мінсіз, кербез сангвинниктің кроссовкіні де business casual стилінде шебер үйлестіріп кие алатынына күмәніміз жоқ. Меланхолик егер сәл батылдау болса, өзінің baby doll стилін кроссовкі, кедамен толықтырады.

Сөзі мен қимылы ойынан бұрын жүретін холериктер бүгінгі трендпен киінгісі келсе, өз образын алдын ала ойластырғаны абзал. Ал қашан да сұлуынан жылуын, ыңғайлылықты қалайтын флегматик кроссовкіге әбден "бауыр басып алмаса" болғаны. Бұл өтпелі тенденция ғана. Бір есте болатын жайт спорттық аяқ киімдерді бұл жолы тек жалаңаяқ киесіз, яғни, шұлығыңыз көрініп тұрмауы керек. Қалыптасып қалған ақ шұлықты мүлде ұмытыңыз.

Сурет: fake-leather.com, blogspot.com

Ұқсас жазбалар:

Көктемгі сән: Спорттық стиль

Өңіржиекті заманауи киіммен үйлестіруге бола ма?

Түстерді үйлестіруді үйренейік

Көктемгі сән: Нәзік түстердің үйлесімі

Ф. Абилова