Күз-қыс 2014-2015. Әйелдер аяқ киімі

Күз-қыс 2014-2015. Әйелдер аяқ киімі

Күз-қыс 2014-2015 мезгілінде әйелдер аяқ киімінің ең сәнді түрлерін Массагет аруларының назарына ұсыну мақсатында еліміздегі ең үлкен "Апорт" моллындағы "Kari" дүкеніне аттандық. Айта кету керек, "Kari" дүкеніндегі аяқ киім бағалары 5000-13 000 теңге аралығын құрайды.  

Олай болса, күз-қыс 2014-2015 мезгілінде қандай аяқ киім аруларымыздың ажарын ашады?

Кроссовкі, бәтеңке. Спортсүйер сұлулар үшін жағымды жаңалығымыз бар. Осы мезгілде спорттық аяқ киімдер тек спортзалда ғана емес, күнделікті өмірде де сәнді болмақ. 

Мына бір сникерс (споттық немесе жартылай спорттық астында танкеткасы бар аяқ киім) табиғи күдеріден тігілген. Арулардың жекеменшік түсінде орындалған ерекше кроссовкі бейнеңізге жарқындық береді. 

Өз таңдауыңызға сай гүлді кроссовкі мен матадан тігілген бәтеңке таңдасаңыз да өкінбейсіз. Кроссовкідегі Royal Blue (күңгірт көк) әмбебап әрі сәнді. Ал бәтеңкедегі ашық қоңыр түс күздің ең танымал тренді болып табылады. 

Күз ауылына жиналып, қыс түсе бастаған мерзім үшін мынадай қысқы бәтеңкелер ұсынылып отыр. Түсі кез келген арудың ажарын аша отырып, сізді стильді етіп көрсетуге уәде береді. 

Етік. Қонышы қысқа, қонышы ұзын, тақасы аласа, тақасы биік етіктердің классикалық қара түске қарағанда, сары, қоңыр түстісіне басымдық беріліп отыр. Күз-қыс 2014-2015 мерзімінде дизайнерлер декор ретінде бау, белбеу, салпыншақты қолданған. 

Дәстүрлі қонышы ұзын етіктердің қарапайым түрімен қатар, әшекейленген түрлері де көңіліңізден шығуға тырысады. Күз-қыс 2014-2015 кезеңінің ұраны: "Тыйым мен шектеуге жол жоқ! Қиялыңызға еріңіз!" болып табылады.

Угги қысқы әйелдер аяқ киімінің тамаша үлгісі болып табылады. Жеңіл, қайталанбас образ жасауда уггидің алар орны зор. Барынша жылы әрі сенімді аяқ киім сіздің қорғаныңыз болып қана қоймай, стильді болуыңызды да қамтамасыз етеді. 

Резіңке етік – күздің жылауық күндері мен қыстың былжырақ уақытында ажырамас көмекшіңіз бола алады. Дизайнерлер резіңке етікті де әдемі етіп жасаған. 

Аяқ киім екі талапқа сай келуі тиіс:

1. сәнді, стильді,

2. ыңғайлы, оңтайлы. 

2014-2015 күз-қыс мезгілі классикалық ұстанымдарды бұзып, сәнді түстер мен принттерді ұсынып отыр. Жарасымды аяқ киім сәнді образдың негізі деуге болады. 

Аяқ киім – бейнеңіздің бастамасы. Суық мерзімде де сәнді болып жүру өз қолыңызда! Өйткені сұлулық әлемді құтқарады. 

Сурет: ©Ернар Алмабек, Бауыржан Жақсымбет

Арнайы Massaget.kz үшін

М. Оңғарова