Келіндер мектебі шақырады!

Келіндер мектебі шақырады!

Алматыда келіндер мектебі ашылды. Оны Қазақстан әйелдерінің академиясы деп те атауға болады. Осы мектепті тәмамдаған келіндер Қазақстанның үздік келінін анықтайтын байқауға жолдама алады. Байқауда 12 ең үздік қалыңдықты таңдайды. 

Жобаның ұйымдастырушысы Белла Сат мырзаның айтуынша, оның ойына осындай мектеп жасау идеясы Қазақстан отбасыларына мониторинг жасау барысында келген. Қыздардың айтуынша, әр үшінші неке өмірлік жалғасын таппайды. Ал отбасылық өмірдің орташа ұзақтығы бес жыл ғана екен. Ұйымдастырушы, сонымен қатар, елімізде қыздардың көп бөлігінің тұрмысқа шықпай отырғанын да айтып өтті. Сондықтан қыздарды өнегелі келін болуға үйрететін мектеп ашу қажеттілігі туындаған.

"Курста қыздар дәмді тағам жасауды, киім тігуді, бетті дұрыс бояуды, отбасылық психологияны дұрыс меңгеруді оқиды. Біз қазіргі қазақтың қарагөз қыздарынан өзіне де өзгеге де уақыт бөле алатын пысық та, инабатты, дәстүр мен салттан мақұрым емес, мәдениетті келін жасап шығарғымыз келеді", - дейді Сат мырза.

Мектепте ұйымдастырушылар болашақ келіндерге міндетті түрде ет тамақ жасауды үйрететініне уәде берді. Балаларды қалай өсіріп, оларға қандай тәрбие беру жөнінен тәжірбиелі аналар кеңес беретін болады. Отбасындағы психологиялық жағдайлар бойынша арнайы мамандар дәріс жүргізеді. Ал биден "Запрещенные танцы" фильміндегі бишілер сабақ өткізеді. Курс жоспарында Ұлы Отан Соғысының батыры Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованы шақыру да жоқ емес. 

Бұл мектепте қыздар бір ай білім алатын болады. Жақын арада "Керемет келін - 2013" байқауы ұйымдастырылмақ. 

Айтпақшы, келіндердің мектебі елімізде алғаш рет ашылып жатқан жоқ. Мұндай мектеп Ақтөбе қаласында да болған көрінеді. 

Сіз де қатысып көріңіз, бойжеткен!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: mail.ru

А. Әбілхан