Баланың тісі шықса...

Баланың тісі шықса...
Фото: unsplash.com

Бала тісінің негізі құрсақта жатқанда қалана басталады. Бала туылғанда сүт тістері мен тұрақты тістерінің негізімен туылады. Бірақ әр балада тіс әртүрлі уақытта жарып шығады. Баланың тісі шығуы туралы не білуіміз керек?

Тіс қай уақыт аралығында шығады?

Сәби тісінің шығу уақыты 6 ай мен 2 жас аралығы болып саналады. Бірақ соңғы кездері сәбилерде тістің 4 ай мен 2,5 жас аралығында жарып шығуы байқалады. Сондықтан егер балаңыздың алғашқы тісі 5-6 айдан бұрын шықса, ол патология болып саналмайды. Сол секілді егер балаңыз 2-ге толғанда кей жерлерде жазатындай оның 22 тісі түгел болмаса, ол да патология болып есептелмейді. Себебі кей балалардың барлық тісі 2,5-3 жасқа дейін шығып бітеді. Бұл қалыпты жағдайға жатады. Ата-ана тек мына жағдайларда баланың тісіне мән беріп, тіс дәрігеріне көрсету керек:

- тістің пішінінің бұзылуы;
- тістің қалыпты емес жерде өсуі;
- тіс эмалінің түстік гаммасының өзгеруі;

Тіс жару кезіндегі алғашқы белгілер

Тіс көзге көрінгенге дейін әлдеқайда ерте шыға бастайды. Тіс қызыл иектің жұмсақ тінінен өте бастағандағы уақыт бала үшін ең ауыратын кезең болып табылады. Осы жағдай баланы ауыртады. Бала мазасыз бола түседі.

Егер тіс етіне қарасаңыз, ол қалыпты жағдайдан сәл үлкейе түседі және аздап қызарады. Бала қолына түскеннің бәрін аузына сала береді.

Тіс жарған кезде балада көп сілекей ағуы мүмкін. Бұл тіс етінің жұмсақ тінінің зақымдалуымен байланысты.

Аналардың көпшілігі балада тіс жару кезінде тұмау болатынын да айтады. Жұқпа әсерінен пайда болған тұмау мен тіс жару кезіндегі мұрыннан су ағуды айыра білу керек. Тіс жару кезінде мұрыннан түссіз сұйық су ағады, бұл кезде баланы дәрімен емдеудің қажеті жоқ. Бастысы, гигиенаны сақтап, мұрнын уақытылы дәкемен құрғатып отырыңыз.

Тіс жару кезінде температура болады, бірақ ереже бойынша сәбиде жоғары температура болмауы керек: ол 37,5-38 °C градустан аспайды.

Баланың тіс жаруы кезінде күнделіктіге қарағанда көбірек сілекей жұтатындықтан бала үлкен дәретке жиі бара түседі. Ол жағдайда бала емдеуді қажет етпейді. Бірақ егер бала үлкен дәретке күніне 5-6 реттен артық барса, баланы дәрігерге көрсету керек.

Бала жағдайын қалай жеңілдетуге болады?

Балаға осындай жағдайға арналған түрлі кеміргіштер беруге болады. Кеміргішті тоңазытқышқа салып, сәл салқындатып алған жөн. Егер бала температураны жақсы көтерсе, оны түсірудің қажеті жоқ. Бастысы, жақсы жылу алмасу болуы үшін баланы жеңіл киіндіріңіз. Егер бала температураны көтере алмай, мазасызданса немесе әлсіз бола түссе, температура түсіретін дәрі бергеннің де аса зияны жоқ. Тіс етіне жағатын арнайы гельдер бар, бірақ олардың әсері 7-8 минутқа ғана жетеді. Сондықтан мұндай гельдерді қолдану-қолданбауды ата-ана шешеді: егер балаңыз гелді жаққаннан кейін тыныштанып, басқаға көңіл ауса және гелдің әсерін байқасаңыз, қолдануға болады.

Тіс жару – физиологиялық процесс, бала сол сәтте қиналғанымен, нәтижесінде баланың денсаулығына еш нұсқан болмайтындығын ұмытпаңыз. Бастысы, шыдамды болыңыз және әрдайым күлімдеңіз, себебі бала сіздің әр уайымыңызды сезеді.

А. Жапатова