Тойға аз уақыт қалғанда дайындалу

Тойға аз уақыт қалғанда дайындалу
Фото: amur.kz

Қашанда тойдың болғанынан боладысы қызық. Бір күнде өте шығатын тойға біреулер бір жыл бұрын дайындалса, біреулер белгілі бір себептермен бір-ақ ай қалғанда дайындық бастайды. Дайындық уақыты неғұрлым қысқа болса, уайым да аз болады. Себебі жыл бойы қалай болар екен деп ойлап, бас қатыра бергеннен пайда жоқ.

Той күні белгіленген соң бірден той жасайтын орынды анықтауға кірісіңіз. Мейрамханаларды көпшілігі бірнеше ай бұрын сайлап қояды да, бос мейрамхана табу қиынға соғады. Барлығына ерінбей барып, жеке-жеке сөйлесіңіз, суретіне сенбей, өз көзіңізбен көріңіз. Егер ешқандай ұнайтын жер таппасаңыз, жазғы мезгілде ашық алаңқайға аспан астында жасауға болады. Сол күнгі ауа райы қолайлы болуын қадағаласаңыз болғаны.

Бір күнде өтіп кететін тойдан қалатын естелік – суреттер мен видео ғана. Екінші кезекте осы мамандар сапалы өнім дайындап беретініне сенімді болыңыз. Бағасына қарамай, барынша кәсіби мамандарды таңдаңыз.

Тойыңыз қатып қалған сценариймен өтетін кезекті жиын секілді болмас үшін, өзіңіз сценарий дайындауға тырысыңыз. Мерекенің өте жақсы, көңілді өтуі 90 пайыз асабаға байланысты. Сондықтан бірнеше асабаны қарастырып, әрқайсысының портфолиосымен жеке танысыңыз. Қазіргі асабаларда әнші, биші, фотограф – командасы бар. Бұрын той жасаған жақындарыңыздан кеңес сұраңыз.

Осы аталған үш жағдай, фотосессия мен той күні жасалатын макияжыңыз, көйлегіңіз ойдағыдай болса, көңіл күйіңіз де көтеріңкі, өзіңізге риза түрде тойды өткересіз. Біреуі ұнамаған жағдайда өте әсер етуі мүмкін. Сондықтан визажист, стилист, флорист таңдауда да аса мұқият болыңыз.

Өзіңізге аса маңызды қонақтардың тізімін жасаңыз. Өзіңіз хабарласып, жай ғана тізім бойынша емес, шынындығында келгенін қалайтыныңызды айтып шақырыңыз, келуші қонақ шын көңілмен келіп, тойыңыз жақсы өтуге ат салысуына әсері тиеді.

Қай нәрсеге қанша ақша жұмсайтыныңызды шамамен есептеп, жазып қойыңыз. Артық шығындалмау үшін ерінбей барлығын қағазға түсірген дұрыс. Ал торт сатып алу, көліктер, тағам мәзірі, мейрамхана безендірілуі, музыка құрылғылары секілді шаруаларды сенімді адамдарға – әпкеңіз, анаңыз, қайын сіңліңіз секілді сенімді кісілерге тапсырып, өзіңіз қадағалап отырыңыз.

Барынша сабырлы болып, өзіңізді қолға алыңыз. Барлығы жақсы болады, ештеңе уайымдамаңыз.

Бақытты болыңыз!

@. @assel_assanova