Маклермін дей ме?

Маклермін дей ме?

Бөтен қалаға алғаш келіп тұрғылықты үй іздеген кез барлығымыздың басымыздан өткен шығар. Осылай сенделіп жүрген әрқайсымыз маклер, риэлтор секілді кәсіп иелерінің қызметіне жүгінуге мәжбүр болған болуымыз да мүмкін.

Бүгін сіз бен біз риэлторлардың қызметін пайдалану тиімді ме деген сұрақтың жауабын іздеп көреміз.

Біріншіден, маклерлердің қызметін пайдаланбаймын деп қанша тырыссаңыз да, бұл әрекетіңіз сәтсіз болуы мүмкін. Неге десеңіздер, ақша таппай тыным көрмейтін бұл кәсіпкерлер ақпараттық кеңістіктерге түскен жарнамаларды іліп әкетіп жер-жерге өздерінің атынан орналастырып тастайды. Тіпті кейбір пысықтары жарнама иесіне өтініш айтып жарияланған хабарландыруды алдырып тастауы да мүмкін. Осының себебінен пәтер иелері мен маклерлердің орналастырған хабарламаларының пайыздық үлестері долбармен есептегенде 20/80 көлемінде болады.

Сондықтан риэлторлық агенттіктердің қызметінсіз пәтер іздеу көп уақыт пен күш жігерді талап етеді. Егер сіз күні-түні жұмыс істейтін қызметкер немесе студент болсаңыз, бұл шаруалармен тыңғылықты айналысу тіпті мүмкін болмай қалады. Араға ешкімді салмай-ақ пәтер тауып мақсатыңызға жеткен күннің өзінде тартқан шығыныңыз маклер сұрап тұрған қаржымен теңесіп, нобайлап та қалуы мүмкін.

Сол себепті жолыңыз болғыш көріпкел болмасаңыз, пәтер іздеудің тауқыметін бірден маклерге табыстаған жөн болады. Жалға беру нарығындағы сауатты мамандар сіздің сұранысыңыз бен талаптарыңызды зерделей отырып көңіліңіздегі үйді дөп басып тауып береді.

Әдетте бұндай агенттіктер қызметі үшін келісім-шарт құнының 10 пайызын сұрайды. Бұл қаражат сіздің жүйкеңіз бен уақытыңыздың бәсі екенін ұмытпаған дұрыс.

Автор: Еркебұлан Қайрахан

сурет: stroika-smi.ru