Баланы ұйқысына қарап тану

Баланы ұйқысына қарап тану
Фото: bagiraclub.ru

Қазақ халқы адамның жүріс-тұрысына, бет-бейнесіне, қимыл-қылығына, әдеп-ибасына, қонақ күтуі мен басқа да қасиеттеріне қарап қандай ниет-мақсаттағы жан екенін аңғара білген. Тіпті бесіктегі баланың өзін бір көріп, болашағына болжам жасаған. Бүгін біз баланы ұйқысына қарап тану туралы сөз қозғамақпыз.

Баланы ұйқысына қарап тану туралы қазақ халқында болған оқиғалар мен аңыз желісіндегі әңгімелер жетерлік. Соның бірі – Төле бидің Сабалақты (Абылай хан) ұйқысына қарап сынауы.

Бір күні Төле би ауылдан келе жатса Сабалақ төрт тағандап ұйықтап жатыр екен. Сонда Төле би жолдастарына айтыпты: «Мынау Сабалақ қалай ұйықтап жатыр, соны білесіңдер ме?» - депті

Жолдастары: «Би, біз қайдан білейік?» - депті.

Төле би: «Қолым жеткенше ұстаймын, аяғым жеткенше барамын, дүниенің төрт бұрышын тіреп тұратын ұлмын дегені ғой мына ұйқысы. Бұл төрт рулы елді билейді екен» - депті. Кейін сол Сабалақ Абылай хан атанып, қазақ елінің бостандығын берік ұстай білді.

Қазақ танымында көзін толық жұмбай ұйықтайтын ер балаларды «есейгенде сұлу жар құшады» десе, көзін толық жұмбай ұйықтайтын қыз балалардың «серігі сері болады» деп тұспалдайды. Бала етбетінен ұйықтайтын болса «қызғаншақ», ал қол-аяғын бауырына басып жататын болса «уайымшыл, тұйық, бір тоға» болады деп болжаған. Басын бүркеп алып ұйықтайтын баланы «бұйығы, сылбыр, ынжық» деп, қол-аяғын жан-жаққа керіп тастап, шалқалай ұйықтайтын баланы «төрт түлігі сай, ақыл-ойы терең кемеңгер адам болады» деп таныған. Бала үнемі жастықтың үстінде ұйықтайтын болса, «болашақта ел басқарады, бай-бақуат» болады деп жақсы ырымға балаған.

Ал сіздің балаңыз қалай ұйықтайды?

Ө. Сансызбай