Тоқыма тоқиық

Тоқыма тоқиық

Тоқыма тоқуды көпшілік қарт әжелер мен үй шаруасындағы әйелдердің сүйікті ісі деп біледі. Алайда, тоқыма тоқу барлығына ортақ, кәделі әрі пайдалы іс екенін көпшілік біле бермейді. Күлкі терапиясы сияқты тоқыма тоқудың да денсаулыққа берер мол пайдасын дәрігер-ғалымдар анықтап, дәлелдей білген.

Күнделікті күйбең тірлік салдарынан адам бойын әлсіздік, көңілсіздік, күйзеліс билейді. Салдарынан түрлі жүйке жүйесі, жүрек қан тамырлары және гипетоникалық аурулар туындауы мүмкін. Бұл дерттердің алдын алу мақсатында дәрігерлер анда-санда тоқыма тоқуға кеңес береді.

Тоқыма тоқу жүйке жүйесі мен ми жұмысын жақсартады. Артық ойлардан арылтып, көңіл көтереді. Тоқыма тоқу – шығармашылық жұмыс. Ал адам баласы шығармашылық жұмыспен айналысқан кезде, ол бар назарын ісіне аударып, көңілі жай тауып, жаны тынышталады.

Күнделікті кешке немесе бос уақытыңыз болған кезде қолыңызға түрлі-түсті жіптер мен тоқыма бізін алып, іске кірісіңіз. Өзіңізге малақай, шарф, сөмке, жаялық тоқи бастаңыз. Ол қолымнан келмейді десеңіз, тоқыма тоқи алатын таныстарыңызға «үйретіп жібер» деп қолқа салыңыз. Дүкен сөрелерінен тоқыма тоқу туралы кітаптарды іздестіріңіз. Ғаламтор беттеріндегі тоқыма тоқуды үйрететін онлайн-сабақтардан дәріс алыңыз.

Тоқыма біздері мен жіптерді өзіңіз таңдаңыз. Өзіңізге ыңғайлы әрі жағымды болуын қадағалаңыз. Тоқыма тоқуды бастаған кезде бар ойыңыз жасап жатқан іс-әрекетіңізде болсын. Тоқып жатқан дүниенің қандай болатынын көз алдыңызға елестетіңіз. Тоқыма тоқыған кезде ашуланбаңыз, сабыр сақтаңыз. Шыдамсыздық танытсаңыз, 10-15 минут үзіліс жасап, іске қайта кірісіңіз. Күнделікті кешке тоқыма тоқуға 30-40 минут бөлсеңіз, оның қалай сүйікті ісіңіздің біріне айналғанын сезбей қаласыз. Тек бастаған ісіңізді аяқсыз қалдырмаңыз.

Тоқыма тоқуды қарапайым ілмектерден бастаңыз. Күрделі оюларды жасауға аса ұмтылмаңыз. Әуелі дағдыланып, қолыңызды үйретіп алыңыз. Кейін бірте-бірте күрделі оюларды тоқуды бастаңыз.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: tlc.howstuffworks.com, modnoerukodelie.ru

Ғ. Ұзақ