Отбасын құру — мемлекет құрумен тең

Отбасын құру — мемлекет құрумен тең
Фото: Дулат Сепбосынов

- ...Ажырасуға арыз бердім!

- Сол істі мен де ертерек тындырғым келген. Соттың күні анықталмады ма?

- Әзірше  уақыт берді. Ақылдасып көріңдер деді.

- Оның не ақылдасатыны бар екен?.. Бос әңгіме, уақытымыз  кетіп жатыр...

Біздің қоғамда кеше үйленіп, бүгін осылай дейтіндер көп. Кейде «үйлену қиын, ажырасу оңай ма?» деген сауалдар еріксіз ойға түседі. Бұған үлкендер жастарды кінәласа, жастар заманды кінәлайды. Әрине себеп көп, бірақ жауапкершілік жоқтың қасы. Бұл істің басын ашпас бұрын, өткенге шегінейік. 

Бүгін сотқа ажырасу туралы арыз берген ерлі-зайыптылыр кеше қолұстасып бірге арман қуған бойжеткен мен бозбала болған еді. Егер екеуі де жүйелі ойлап, ертеңін болжай білгенде... Заманымыздың көші ілгерілеп, ата жұртымыз қалдырған аттастыру, не қымбатырақ қалың малға өткізу салты ұмтылды. Бүгінгі күн қаракөздері қарайлас дос-жаран, жұп іздей бастады. Өзімен деңгейлес таныс тауып, білімге, дүние танымға және бай жігіттермен араласқанды жөн көреді. Жасыратыны жоқ, қай қыз бала болмасын өзін биік бағалайды. Қалталы, астында темір тұлпары бар жігітке жолықсам дейді. Бірақ бәлкім өзі университет қабырғасын ата-анасының жиған-тергенімен оқып, бос уақытында мейрамханаларда қызмет көрсетіп, азын-аулақ ақша табатыны тағы бар. Көркіне сенген жас қыз өмірдің құны, бақыттың баяны жақсы тұру, сәнді киіну деп түсінеді. Кейін оларға адамгершілік пен сыйластық, түсіністік пен сабырлықтың керегі де болмай кетеді. Расымен, сіз де, ол да, басқа да дәл солай саралайды.

Бір сәтке елестетіп көріңіз. Сіз көрікті, ақылдысыз. Алайда қарапайым отбасында тәрбиеленіп, кейде аз-кем таршылық көретін уақыттар да боп тұрады. Осыдан бір ай бұрын сіз университетте бірге оқитын бейтаныс жігітпен таныстыңыз. Сөйлесіп, әңгімелеріңіз де жарасып кетті. Хат жазысып, хабарласып тұрасыз. Арада уақыт өткен соң жігіт сөз айтып, ойын білдіреді. Кенеттен көшеде «Range Rover» мінген жас, сымбатты жігіттің де көңілі сізге ауады. Ол да бір күні ойлы қадамға өтуді сұрайды. Сондағы жауап қандай болмақ?

...Әрине, барлығымыз да пендешілікке салынып, сол машинасы бар жігітті таңдап, қиялдың жетегінде кетеміз. Кіріспесі жақсы басталған кітаптың соңы да бақытты аяқталуы шарт емес. Жауапты қадамға аяқ басқан соң, арты немен аяқталарын тағы білмейміз. Сіз аңсаған биіктен бәлкім ол, бір сөздің, не сізге ерсі көрінген бір істің кесірінен аласарып қалуы да мүмкін. Немесе керісінше! Сапалы университеттің бірінде студентсіз. Қызыл «Porshe» мініп, сәнді киінесіз. Сол кезде сізге қарапайым ақын жігіт ғашық болды делік. Тіпті сіздің де оған көңіліңіз бар. Алайда сіздер бірге бола алмайсыздар. Дос-жаран, құрбы-құрдас, туған-туыстардың сөзіне қалып, «барған жері осы екен-ау» дегеннен сақтанасыз. Сондықтан да қыздың бақыты сәтті тұрмысқа шығу емес, теңіне шығу. Әлемдегі әр адам  өмірінің құны ақшада, дәулетте деп білсе, азғындықтың нақ көкесі сол болар еді. Яғни бұл әңгіме, ата-бабамыздың «Тең теңімен» дегеніне саяды. Қыздар болашақта жақсы жар табам десе, бұл сөзден аттап кетпеуі қажет.

Жігітті толық тани алмау — ажырасудың басты себептерінің бірі. Екі жас бірін бірі толық тануы тиіс. Егер жігіт пен қыз алдымен жақсы араласып, дос болса, онда олардан тамаша жұп шығары сөзсіз. Расымен де, қасымыздағы адамды біз сөйлесуі, көзқарасы, бір мәселе жайында ойы арқылы тани аламыз. Мінез-құлқын да меңгеріп, тіпті кейін оған жат көрінетін істен  сіз де аулақ жүретін боласыз. Екі жақ бір-бірімен етене араласып, жақындасқан соң адамда жұптасу, бірігу процесі басталады. Психологтардың зерттеуінше, әр адамда «эго» яғни өзімшілдік басым.  Әркім өзінше бақытты болсам, жетістікке жетсем, биіктен көрінсем деп, бар нәрсені өзіне тартқысы келеді. Демек, біз магнит секілдіміз. Ал егер, адам біреуге ғашық болып, ағзасында махаббат процесі жүрсетін болса,  біздегі эго индивидке айналады екен. Яғни индивид — адам тегінің нақты өкілі, жеке адам. Осыған сәйкес индивидуалдық деген де ұғым бар. Бұл адамның  табиғаттан тыс адами қасиеті, яғни оның әлеуметтік өмірінің мәнді жақтарын сипаттайтын сапасы. Осы сапа арқылы адам мінезінде  мейірімділік, адалдық, сүйіспеншілік, секілді қасиеттер туады. Бұл қасиеттерді туғызатын  C11H8N аталатын махаббат формуласы. Міне, біздегі бар өзгеріс осы формуладан болмақ.

Отбасын құру — мемлекет құрумен тең. Бір рудан бүтін ел құру үшін, жұбайы мен ерінің бір-біріне қарым-қатынасы адал боп, іргетасы берік қалануы тиіс. Тұрмысқа шығу — өз еліңді жат жұртқа танытып, түскен үйіңнің отымен кіріп, күлімен шығу деген сөз. Сол қадамды аттамас бұрын, әр адам шешімінің дұрыс екендігіне  көз жеткізіп, ой елегінен өткізуі тиіс. Ақылмен шешуі міндет. Некеге тұрып, сөз байласқан соң, екі жаққа да сабырлық пен сана жетіспей жатады. Қыз да жігіт те кіммен өмір сүргелі жатқанын, өмірдегі қиындықты кіммен  бөлісетінін түйсініп, қате жіберетін кездері көп. Ең бастысы парасатты ойлау. Міне, осы ұстанымдарды ойына тоқыған жан, өзіне адал жан, балаларына қамқор әке, отбасының тірегін сөзсіз табады..

P.S. Ал сен кімді таңдайсың? Сүйген адамыңа тұрмысқа шығуға дайынсың ба?

Н. Айдархан