Ақша үнемдей бастайық

Ақша үнемдей бастайық

Күз басталғалы көбіміз жаңа бастамаларға дайын бола бастаймыз. Бұның себебі санамызда қалып қойған оқу жылының басымен байланысты болар. Жаңа бастама ретінде ақшаңызды үнемдеп, жинай бастауға қалай қарайсыз? Бұдан бұрын да ақша үнемдеу туралы аз айтпадық. Дегенмен, бүгін оған тағы бір қырынан келуді жөн көрдік.

Бұл үшін бар айлығыңызды төсек астына тығып қою шарт емес. Сұраққа ұқыпты қарап, ақылмен үнемдесеңіз, күзде-ақ қомақты сомма жинай аласыз.

1. Өз бюджетіңізді сараптаңыз. Құртқан әр теңгені арнайы күнделікке жазып жүріңіз. Келген табыс та осы тізімге кіруі керек. Бірнеше аптадан кейін, өз бюджетіңізге көз жүгіртіп, талай ақшаны қажет емес жерге құртатыныңызды байқайсыз.

2. Ақша үнемдеу жайлы мақалалар, кітаптар оқыңыз. Ізденіңіз, өзіңізге ең ұнаған 10 кеңес тауып, оларды бөлек жазып алып, осы ережелерді ұстаныңыз. Еш ережені бұзбауға тырысыңыз. Кеңестер әртүрлі болуы мүмкін. Мысалға дүкендер аралауға белгілі бір сомманы ғана қалтаға салып, пластикалық картасыз барыңыз.

3. Дүкендерде қағаз ақшамен төлеп, қалған тиынның барлығын жинап жүріңіз. Күз біткенде жиналған сомманы санап көрсеңіз, өзіңізге тосын сый істейсіз.

4. Осы күзде қажеттілігі жоқ заттарды алмаңыз. Үлкен соммаларды осылайша үнемдеп, бар болған жағдайда, банктегі кредиттеріңізді төлеп тастауға тырысыңыз. Болмаса, сол ақшаны депозиттік шотқа салып отырыңыз. Жарты жылдан кейін өзіңізге үлкен сыйлық немесе теңіз жағалауындағы жазғы демалыс сыйлай аласыз.

5. Осы күзгі үш айдың әр күнінің ең болмаса 1 сағатында қосымша табыс көзін іздеу мәселесімен айналысыңыз.

Іске сәт!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: liveinternet.ru

С. А