Жеңілдік сайттары ақшаны үнемдей ала ма?

Жеңілдік сайттары ақшаны үнемдей ала ма?

Соңғы кездері танымал бола бастаған жеңілдік купондары сайттарын қолдану тиімді ме? Оның қандай артықшылықтары бар? Олар "лақтырып" кетпейді ме? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Бұл сайттардың жұмыс істеу қағидалары келесідей. Сайтқа кіресіз, тіркелесіз. Қажет болса, күнделікті электронды поштаңызға жаңа басталған жеңілдіктер жайлы хатты алып тұрасыз. Сайттағы жеңілдіктердің арасынан өзіңізге қажеттісін таңдап, сатып аласыз. Купонды қажет болса, қағазға басып, сол мекемеге барып көрсетесіз. Осылайша тауарды не қызмет көрсетуді әжептеуір жеңілдікпен ала аласыз.

Айта кетсек, купондардың екі түрі болады. Біріншісі, арзан тұратын жеңілдік купоны. Мысалы, 500 тг тұратын купон сізге белгілі бір дүкенде, сән салонында, демалыс орнында 50% жеңілдік береді. Екіншісі, бағасы түскен тауарды не қызмет көрсетуді сайтта-ақ толық соммасын төлеп, сатып алу купоны. Тауарды алып кетуге барғанда тек купонды көрсетіп, қосымша еш ақша төлемейсіз. 

Төлем сайтта онлайн түрде жүзеге асырылады. Тауардың құнын пластикалық карта не терминалдар арқылы төлесеңіз болады.

Бұл айлакер коммерсанттардың қулығы деп ойлайсыз ба? Әбден мүмкін. Алайда егер сіз сән салонына 10 мың емес, 5 мың төлесеңіз, осы коммерсанттарға рақмет айтпайсыз ба? Маңдай термен табылған ақшаның бір бөлігін болса да, сақтап қалу ерекше қуанышқа әкеледі.

Ал енді сол сайттарға шолу жасайық:

Сhocolife.me


Тіркелуге оңай, ыңғайлы сайт. Алматы, Астана, басқа да үлкен 12 қаланың тауарлары мен қызмет көрсетулерін ұсынады. Өкінішке орай Көкшетау мен Талдықорған бұл тізімде жоқ. Жеңілдіктерді түрлі салаларда ұсынады: туризм, авто қызметтер, қызмет көрсетулер, тауарлар, мейрамханалар. Казкомның Go-карталарының иеленушілеріне артықшылықтар бар. Тауарға көңіліңіз толмаса, ақшасын қайтаруға кепілдік береді! Түсініксіз жерлерді сыпайы менеджерлер ылғи түсіндіруге дайын.

BeSmart.kz

Тіркелуге оңай, сайтты қолдануда да еш қиындық тумайды. Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларында іске асады. Туризм, тауарлар, қызмет көрсету, кинотеатр, сұлулық салондарында жеңілдіктер ұсынады. Концерттер, жиындарға билеттерді де жеңілдікпен алуға әбден болады.

Kupikupon.kz


Ресей, Украина, Латвия, Литва, Эстонияда жұмыс жасайтын сайт Қазақстан аумағында да өз қызметін көрсетуде. Алайда елімізде Алматы, Астана қалаларында ғана. Мейрамхана, фитнес, сән салондары, тауарлар ұсынады. Әдетте жеңілдіктері өте үлкен болады. 

Дұрысы - сайттардың арасынан таңдамай, бәріне тіркеліңіз. Осылайша өзіңізге қажет деген тауар не қызмет көрсетуді таңдап, бағаларын салыстырып аласыз. 

Ал сіз жеңілдік сайттарын қолданасыз ба? Қандай тауар алып көрдіңіз?

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: besmart.kz, kupikupon.kz, chocolife.me, rostov.kp.ru

С. А