Баланы бір сәтте бақытты ету

Баланы бір сәтте бақытты ету
Фото: Жазира Жомартова

Баланы бақытты ету мүлде қиын емес. Боз-болау боп жылап тұрған кезіңізде, жақыныңыз бір балмұздақ әкеп берсе, бал-бұл жанып сала беретін өз балалық шағыңызды еске түсіріңізші. Өз балаңыздың не өзге де кішкентайлардың жүзіне күлкі сыйлап, әр күнін мерекеге айналдыруға бола ма?

Шағын туған күн жасаңыз. Бала түгілі, ересектердің өзі кейде жылына бір рет келетін туған күнді азсынады. Туған күнінен кейін арада алты ай өткенде (14 сәуір – 14 қазан), тағы да туған күнді атап өтуге жақсы себеп табылады. Ол үшін кішкене ойыншық не кітапша, үстіне шам қойып үрлеу үшін үйде әзірленген торт, шар, үрлейтін көпіршіктер алсаңыз ғана жеткілікті. Әрине, ол күні өзге шаруаларды ысыра тұрып, күннің бірнеше уақытын баламен бірге өткізуді жоспарлаңыз. Кішкене сыйлықтарыңыздың өзі балаға аса зор қуаныш сыйлайды.

Балаңыз нанның шетіндегі қыртысын жақсы көретін болса, алдын ала кесіп алып қойып, тамағыңды тауыссаң, сыйлық беремін деп, бірінші, екінші (первое-второе) мәзірден кейін, үшінші ас ретінде нанның қыртысын беріңіз.

Баланы киіндірер кезде, оның киімдері мен аяқ киімдерінен сурет салыңыз. Ретімен орналастырып, гүл, үйшік, адам, адамның беті секілді нәрселерді бейнелеңіз.

Қарапайым қорапшадан ойыншық жасаңыз. астыңғы жағын ауыз етіп тіліп, үстіңгі жағына көз бен мұрынның суретін салыңыз. Баланың сүйікті кейіпкерінің суретін шығарып, жапсырып қоюға да болады.

Балабақшаға не мектепке кешігіп келе жатсаңыз, баланың қолынан сүйремей, ашуыңызды басып, жолда да ойын ойнаңыз. "Балам, пойыз ойнайық", "Балам, паравоз болайық", "Пу-у-уп", "Ду-дук, ду-дук" деп дауыстар шығарсаңыз, ол да көңілденіп, жүгіріп, тезірек жүре түседі. Барар жерге тез жетесіздер.

Бала үй ішінде не істерін білмей сенделіп жүргенде, сіз өз істеріңізбен шұғылданып отырсаңыз, кенеттен балаңызға барып, "Қане, бір ойын ойнайық", "Мен саған ертегі оқып берейін бе?" деген секілді күтпеген ұсыныстар айтыңыз. Бала мәз-мейрам болары сөзсіз. Бірер уақыттан кейін сол ермекпен өзі-ақ айналысып кетеді.

Әр баланың шаттанып жүргенін көргенге не жетсін! Баланың бәрі бақытты болуға жаралған!

@. @assel_assanova