Баланың қылмысын қалай тежеуге болады?

Баланың қылмысын қалай тежеуге болады?
Фото: dacha.ziferblat.net

Баламен жас ерекшелігіне сәйкес сөйлесу – заңдылық. Әлеуметтік жағдайдан, ниетті тежей алмаудан жасөсіпірімдер біреудің затын рұқсатсыз иемденіп қылмыс жасап жатады. Мұның алдын алу үшін баланың кішкентайынан бастап ешкімнің ала жібін аттамау керегін айтып, санасына сіңіру керек. Өзгенің затымен байып кетпейтінін түсіндірген абзал.

Адам бала жасынан ниетін тежей алмаса, өмірде көп қиындыққа тап болады. Көрші баласының ойыншығына іштарлықпен қарап не әлімжеттік жасап алып қойса, ол есейгенде өзгенің үйін де тартып алудан тартынбайды. Өйткені, оны тежейтін сыртқы күш болмады. «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деп сан соғып қалмас үшін баланы қазірден тәрбиелеңіз.

Сәби (1-3 жас аралығында)

Сәби  1-3 жас аралығында қалауын тежей алмайды. Көзіне көрінген әдемі бұйымды алғысы келіп тұрса, сұрамай-ақ ала береді. Анасын қуанту үшін гүлзарда өсіп тұрған түймедақты жұлып бере алады. Міне, бұл қылмыстың ең қарапайым түрі. Көрші баланың ойыншығын да тартып алды.

Не істеу қажет?

– Бұл қылығы үшін сөкпеңіз. Ойыншықты көршінің баласына қайтарып, «өзгенің затын иемдену дұрыс емес» деп асықпай түсіндіру керек. Өзгенің дүниесін рұқсатсыз алуға болмайды деген моральдық ұстаным қойып, баланың санасына жеткізе білу қажет.

– Әкеңнің кілті, анаңның кітабы, сенің ойыншығың. Міне осындай тәртіппен «меншік» ұғымын ашып сөйлесіңіз. «Егер әкеңнің кілтін біреу алып кетсе, әкең көлік жүргізе алмай қалады», «менің кітабымды біреу алып кетсе, ертеңгі сабақ жоспарымды жасай алмаймын», «ал сенің ойыншығыңды біреу алып кетсе, не болады?» деп ситуациялық жағдай туғызып көріңіз.

Мектеп жасына дейінгі балалар (4-7 жас аралығында)

Тұрмыс-тіршілікке қарап, заттарды қолды қылуы мүмкін. Мысалы, сыныптастарының көңілінен шығу үшін сіздің не өзгенің әмиянынан ақша алып, оларға сыйлық жасайды. Кейде, керісінше, өзгені қызғандыру үшін өзгеде жоқ затты сатып алу үшін әмиян тінтиді.

Не істеу қажет?

– Тез арада бұл жағдайдың негізгі себебін анықтау қажет. Жағадан алмай, байыппен сөйлесіңіз. Көп жағдайда балалар мұның себебін назардың не беделдің жоқтығымен түсіндіреді.

– Достық туралы пікір алмасу керек, нағыз дос деген кім, амал достық пен адал достық деген не деген секілді сұрақтардың жауабын айтып түсіндіру керек. «Адал досқа сенің кәмпитің емес, өзің керексің», «достарды ақшамен сатып ала алмайсың» деп ашып айтқан абзал. «Олармен жиі ойна, сырлас, үй тапсырмасын бірге орында, қызғушылығыңмен бөліс» деп бағдар беріңіз. Мұның бәрі нәтиже береді.

Төменгі сынып оқушысы (8-10 жас аралығында)

Бұл жастағы қол қылмысы ниеттің биіктігінен туындайды. Бала бұл жаста өз қалауына «жоқ» деп айта алмайды. Өз ниетін тежей алмаған бала әрбір әрекетінен кейін өкініп, ұялатын болады.

Не істеу қажет?

Бұл жаста баланың еркіндігін қалыптастыру керек. Бала өзі жасай алатын істі өзіңіз жасамаңыз. Оған мақсат, міндет, нәтиже деген ұғымдарды таныстырыңыз. Мысалы, жаз келіп шие пісті делік. «Шие жеймін» дегенді – мақсат, ағашқа шығып теруді – міндет, көлеңкеде шиеге қант қосып жеп тынығуды – нәтиже деп біл деген секілді қарапайым мысалдармен түсіндіріңіз. «Ниет қойсаң, оған адал жолмен жетуді ойлан» деп ақыл беріңіз.

Жасөспірім шақтағы балалар (12-15 жас аралығында)

Статистика бойынша 12-15 жас аралығында қылмыс көп жасалады. Бұл жасқа дейін доғарылмаған қолдың сұғанағын тыю қиын.

Не істеу керек?

Мейлінше ашық болған дұрыс. Мұндай жаста жасөспірім өз аурасына ешкімді енгізгісі келмейді, өзін жалғыз сезініп, өз мәселесін өзі шешкісі келеді.

Нені есте ұстау қажет?

- Баланың көзінше «ұры», «ұрлық» деген сөздерді айтпаңыз. Сіздің алдыңызда ұры емес, балаңыз тұр.

- Мектепте сынып жетекшіге «Мұндай қасиет отбасымызда жоқ еді, қайдан пайда болғанын білмеймін» дегенді айтушы болмаңыз.

- Бір кезек міндетті түрде баланың орнында болып көріңіз. Болған іске үлкеннің де, кішінің де көзімен қараңыз.

- Болған жағдайды өзгелердің арасында айтпаңыз.

- «Қалай ғана бұл іске дәтің барды» деген риторикалық сауалды қоя-қоя баланың жүйкесіне салмақ түсіресіз. Одан да «Не үшін» деп сұраңыз.

Өзгенің баласымен немесе өзіңіздің балалық шағыңызбен салыстырмаңыз. Мүмкін сіздің не өзгенің ата-анасы сіз бермеген тәрбиені беріп жүрген болар. 

Г. Берік