Бөлме гүлін баптап-күту

Бөлме гүлін баптап-күту
Фото: zhambylnews.kz

Бөлме гүлдері ұзақ уақыт «ауырмай», жайқалып тұруының сыры неде деп ойлайсыз? Оның сыры махаббатта. Гүлдермен де тірі жанмен сөйлескендей сөйлесіп, өз ілтипатыңды білдіріп, баптап, күтіп, махаббатпен қарап, еркелету қажет. Себебі олар да өздерінше қуана да, мұңая да алады. Сол себепті бөлме гүлдеріне ерекше күтім қажет. Назарларыңызға бөлме гүлдерін күтудегі бірнеше кеңестерді ұсынамыз.

Жарық. Гүлдер тікелей жарық түскенді «жақтырмайды».

Желорай. Гүлдер желорайда (сквозняк) тұрып қалмауы керек. Жылы дымқыл топырақ пен суық жел гүл тамырын тез шірітіп жібереді.

Жайлы орын. Гүл егілген құмыраны теледидардың, музыкалық орталықтың және сол сияқтылардың жанына қоймауға тырысыңыз, вибрацияның да гүлге кері әсері бар.

Жылу әсері. Егер пәтеріңізде жылу еден астымен жүргізілген болса, арнайы гүл құмыраларын қоюға арналған демеуіштерді (подставка) қолданыңыз. Гүлдерді жылу жүргізілген батарейкадан да алысырақ ұстағаныңыз жөн.

Белгі. Құмыраңыздың күнге қараған бетіне белгі қойып қойыңыз. Өйткені гүлді көп айналдыру оның жайқалуына кері әсерін тигізеді.

Тыңайтқыш. Тыңайтқыштарды уақтылы сеуіп отырыңыз және гүліңізге арнайы сай келетін тыңайтқышты пайдаланыңыз. Ол үшін гүл өсіруші мамандардың көмегіне сүйеніңіз не тыңайтқыш салынған қорап сыртындағы нұсқаулықпен танысыңыз.

Салмақ. Жапырағы үлкен бөлме гүлдерін төменге, еден үстіне қоюға тырысыңыз. Себебі салмағын көтере алмай, морт сынуы мүмкін.

Суару. Гүлді таңертең суарып отырыңыз. Бұл – қолайлы уақыт. Әрине, сатушының кеңесіне де құлақ асқаныңыз жөн.

Ауру. Гүлдердің жапырағы бірден қурап, сынғыш келсе, ауруға шалдыққаны. Ол жағдайда мамандар көмегіне сүйеніңіз.

Дереккөз: aikarakoz.kz

Н. Үсенова