Үй интерьеріндегі идеялар

Үй интерьеріндегі идеялар

Үй интерьері ерекше детальдардан құралады. Ал оларды еш шығынсыз, өз қолыңыздан жасауға болады. Назарларыңызға бірнеше нұсқасын ұсынамыз.   

Жіңішке шілтер


Ескі кафель плиткасынан ыстық ыдыстардың астына қоятын әдемі тіреуіш жасауға болады екен. Шілтер мата кескінін алып, желім бүрікпе көмегімен оны плиткаға жапсырыңыз. Шілтердің үстінен өзіңізге ұнаған түсті аэрозоль-бояу шашыңыз. Бояу кепкенше сәл күте тұрып, кейін шілтерді сыпырып алыңыз. Сонда плиткада ерекше өрнек қалады. Ал тіреуіш ыңғайлы болуы үшін, кафельдің сырт жағына фетр не тығын бөлігін жапсыруға болады.

 

Жылытқыш жастық


Сылдырма ілгекті кішкентай жастық тыс тігіп алыңыз немесе дайынын сатып алыңыз. Тысты супермаркеттің денсаулыққа пайдалы тағамдар бөлімінде сатылатын бидаймен толтырыңыз. Егер бидайды алдын ала қысқа толқынды пеште жылытып алсаңыз, жастық жылытқыдай ыстық болады. Ал мұндай жастық бас, бұлшықет, жамбас ауруын басып, тоңған аяқтарды жылыта алады.

 

Аманат болған дәстүр


Қолөнер қазақ халқында өте жақсы дамыған. Ертеде әжелеріміз, ана-әпкелеріміз бірге отырып, іс тігіп, кілем тоқып, құрақ көрпе жасаған. Бірақ ол кезде бұл нақты қажетіне қарай жасалса, бүгінде құрақ көрпе - интерьерді толықтыратын таптырмас құрал. Сондықтан, көзі тірі әжелеріңізден қолөнердің қыр-сырын үйреніңіз.

 

Қысқы үстел


Бір түсті ыдысты дайын трафарет суреттерімен безендіру – өте қызықты іс. Үлгіні ыдысқа жақындатып, құрғақ губкамен бояуды керамикаға жағыңыз. Одан кейін бояуда жазылған нұсқау бойынша ыдысты пеште қыздырыңыз.

 

Түнгі жарық


Әйнек шамдал өте қарапайым көрінеді. Сондықтан, оларды кішкене әсемдеуге тырысайық. Нота қағазының көшірмесін немесе біржолғы майлықтарды қолданыңыз. Оларды шамдалдың сыртынан орап, скотчпен жапсырып қойыңыз. Романтикалық жарық дайын.

 

Суреттер artleo.com, astana-akshamy.kz, decor-doma.ru, limada.ru сайттарынан алынған