Жазғы лагерьдің зияны бар ма?

Жазғы лагерьдің зияны бар ма?
Фото: vk.com

Жаз маусымы басталып, демалатын уақыт та келді. Оқушылар рахаттанып демалуды жоспарлап жүр. Бірі ата-әжесінің ауылына асықса, басқалары жазғы лагерьге барғысы келеді. Сол себепті ата-ана мен бала назарына лагерьдің зияны туралы ақпарат ұсынамыз.

Жазғы лагерьдің ауылдағы демалыстан басты айырмашылығы – бала ата-ана, өзін танитын ағайын-туыстың назарынан тыс қалып, мүлде бөтен адамдармен демалады. Бұл дегеніміз бала өзімен-өзі қалып, жауапкершілікті өз мойнына алады. 

Егер ауырып қалса, ата-анасына емес, лагерьдің немесе топтың басшысына айтады. Бір жағынан, бұндай орта баланы өзіне-өзі ұқыпты қарап жүруіне үйретеді.

Бір апта не он күн бойы ата-ана бақылауынан тыс жүрген бала еркіндікті сезініп, осыған дейін істемеген ісін, рұқсат болмаған нәрселерді істеп көруге құмартуы мүмкін. Мұның салдарында тыйым салынған нәрселерді байқап көруі ықтимал.

Неге десеңіз, бір топтағы 20-30 баланы үнемі бақылап жүру бір адам үшін қиын. Егер мектепте оқушылар бір сыныпта 45 минут бойы отыруы керек болса, жазғы лагерьде бір-екі адамның бақылауымен 24 сағат демалады. Ал екі адам 20 баланы тәулік бойы күзете ала ма? Әрине, жоқ.

Сонымен қатар балалардың бетімен кетіп, күштілердің әлсіздерге әлімжеттік қылатыны тағы бар. Атамандар әлсіз балалар тобын өздігінен жариялап, он күн бойы соларды мазақтап, тиісіп, психологиясына нұқсан келтіруі мүмкін. Тұйық, өзімен-өзі жүретін балалар бұл кезекте бірінші орында тұрады. Ал ол топқа «түспеген» бала амалсыз «атамандар» тобына мүше болуға мәжбүр.

Он күн бойы еркін жүрген бала ұрлық, қылмысты да байқап көруге құмартуы мүмкін. Әрине бұл әрекет баланың сондай іске үйір екенінің көрсеткіші емес. Ол бар болғаны ата-ана қыспағынан құтылып, еркіндіктің мұндай үлкен көлемін сезінген соң, ойына келгенді «істеп қалуды» ойлайды. Сондықтан, құрметті ата-ана, балаға қатты қысым көрсетіп, өз дегеніңізді жасатуды доғарыңыз. Балаға ауа қажет екенін ұмытпаңыз.

Сондай-ақ лагерьдегі тағам да дәмсіз не сапасыз болуы мүмкін. Бұл лагерьдің бағасы мен сапасына байланысты. Неғұрлым арзан лагерь таңдасаңыз, соғұрлым жағдайы нашар болуы мүмкін.

Міне, жазғы лагерьдегі демалыстың зиян жақтары осындай. Әрине, оның да пайдасы мол. Ол туралы келесі материалымызда әңгімелейміз.

Ф. Абилова