Балаңыз кітаппен дос па?

Балаңыз кітаппен дос па?
Фото: www.voxpopuli.kz

Көркем әдебиет тек гуманитарлық салалардың мамандарына ғана қажет дүние емес. Әдеби шығармалар оқу әр баланың, кез келген адамның жеке тұлғалық кейпін қалыптастыруда зор көмекші болады.

Ойыншық кітаптар. Көркем шығармаларды оқи отырып, адамның тілдік қоры байып, қоғамға деген көзқарасы қалыптасып, қай ортада болмасын өзін қалай ұстауды, қалай сөйлеуді білетін болады. Осы қабілеттерді бойға сіңіру үшін баланы бесіктегі кезінен-ақ білім нәрімен сусындатқан жөн. Енді есін біліп, қоршаған ортасын тани бастаған шағынан, тілі шығып, әріп танитын жасқа жеткенге дейін жақсылап тәрбиелеген абзал.

Оқудың пайдасы. Бүлдіршін кезінде кітап көрмей өскен ойын баласын да кітапқа әуестендіруге болады. Белгіленген уақытта балаға кітап оқып беруді өзіңіз әдетке айналдырсаңыз, ол да соған дағдыланатын болады. Кітап оқудың пайдасын түсіндіріп, оқыған-оқымаған адамдар өмірінен мысал айтып беріңіз. Осы мазмұндағы ертегі болса, тіпті жақсы.

Кезектесіп оқыңыз. Бала хат тани бастағанда өзіне оқытыңыз. Бірақ үнемі өзіне салып қою да қателік болар. Себебі бала кітапты өз бетімен оқығанда сөздердің мағынасын жете түсінбейді. Өйткені олар барлық назарын сөздің мағынасын түсінуге емес, ол сөзді қатесіз оқуға аударады. Өзі оқыған сәтінде міндетті түрде мазмұнын сұрап отырыңыз. Бұл оқығанын есте сақтауға себеп болады.

Түсіндіруге асықпаңыз. Мазмұнын өзі түсініп, баланың ой түйіп, көзқарас қалыптастыруына мүмкіндік беріңіз. Кітап оқылғаннан кейін сөйлеуші балаңыз болсын. Кейіпкерге не оқиғаға өз көзқарасыңызды дауыс ырғағымен ғана білдіруге болады. Жағымды-жағымсыз кейіпкерлерді өзі анықтап, олар туралы ойын ашық айтсын. Бұл жақсы мен жаманды ажыратуға аса пайдалы.

Таңдау жасауға көмектесіңіз. Баланың оқитын кітабын өзіңіз таңдағаныңыз жөн. Кішкентай балалар табиғатты суреттеген тұстарды ұнатпайды, олар үшін оқиғасы мол, диалогті шығармалар қызығырақ көрінеді. Ал жасөспірімдер көбінесе тыйым салынған кітаптарды ұрланып оқуға құмар. Мұндайда шу шығарып, жаза қолдану орнына, «ол кітапты түсіну үшін, алдымен мынаны оқып көрсең қайтеді?» деген секілді балама шығармаңыз дайын болуы керек. Не оқыса да үнемі барлап отырыңыз.

@. @assel_assanova