«Бабалар аманаты»: Бала тәрбиесі

«Бабалар аманаты»: Бала тәрбиесі
Фото: azh.kz

Бауыржан Момышұлы туралы келіні Зейнеп Ахметова жазған «Бабалар аманаты» кітабында қазақ салт-дәстүріне қатысты, әдет-ғұрпына байланысты көптеген тақырыптар қаузалады. Зейнеп Ахметова атасының дәйек сөздерін сол күйінде жеткізе отырып, өз ойларын да қосып жазады. Халық қаһарманының немересі кішкентай Ержан Момышұлының қызықты қылықтарын жаза отырып, бала тәрбиесі жөнінде де бірер сөз қозғайды. Сол тұстарынан үзінді келтірейік.

 «Ересектер өзі ренжіген адамына баласының да сәлем бермеуін қаласа – онда сол адамның өз перзентінің болашағына мән бермеген таяздығы, бала тәрбиесінің қырларын елемеген әлсіздігі.

 ...Көп болса, бала ойыншықты бағаламайды. Талғамсыздыққа үйренеді. Болғанның үстіне бола түскенін қалайды. Бәрі өзінен-өзі келіп жатқандай қанағатсыз әдет пайда болады. Ойыншықтары аз емес, мен тек бір бөлігін тығып қоямын да, бір бөлігімен ойнауға мүмкіндік беремін. Біраздан соң сол ойыншықтардан зеріге бастағанын байқасам, оларды Ержанға көрсетпей, тыққан ойыншықтармен алмастырып қоямын. Ержанды ойыншық сататын дүкенге апармауғы тырысамын. Өйткені кішкене балалар бәріне қызығады. Ананы да, мынаны да алғысы келеді. Ержан айтқанды түсінеді, сонда да бала болған соң кім білсін... Психикасына қысым түспесін деймін.

Баланы қара танып, хат білгеннен бастап, сәлем хат жазуға дағдыландырған жөн. Бірте-бірте ой түйіп, сөз жұптауға үйретіп, қолын үнемі машықтандыра берсе, кейін есейгенде «не жазам, қалай жазам» деп жұтап, тығырыққа тірелмейтін болады. Бұл да тәрбие талғамы.

Іргетас мықты болуы керек деп көп айтамыз, егер іргетастың үстіне қабырға берік қаланбаса, төбесі биіктен еңселенбесе, шатыры жақсы жабылмаса, қанша мықты болса да, іргетастың құны шамалы болып қалады.

Заң деген – әдет, адамгершілік деген – әдеп, әдеп деген – басқаларға мейірімді болу».

Ұқсас жазбалар:

"Бабалар аманатынан" бес үзінді

Зейнеп Ахметова. «Атаның қысқа қайырмалары»

@. @assel_assanova