Брэд Питт пен Анджелина Джоли жетінші баланы асырап алды

Брэд Питт пен Анджелина Джоли жетінші баланы асырап алды
Фото: by-s.me
Атақты да үлгілі жұп Брэд Питт пен Анджелина Джолидің алты баланы тәрбиелеп отырғанына бүкіл әлем куә. Биыл Голливуд жұбы тағы бір баланы асырап алды.
 
Анджелина Джоли БҰҰ-ның елшісі ретінде босқындардың лагерін көп аралайды. Сондай сапарларының бірінде актриса Сириядан қашқан босқындардың Түркияда орналасқан лагеріне барады. Лагерьден екі жастағы Мұсаны жолықтырады. Баланың басынан өткен сұмдық жайт Анджелина Джолидің көңілін босатып, ол баланы өзімен бірге әкетуді ұйғарады.
 
 
Бірінші баланы актриса 2002 жылы асырап алған. Мэддокс атты баланы тәрбиелей бастағанда актриса сол кездегі күйеуі Билли Боб Торнтонмен бірге тұратын. Баланы асырап алу шешімін Камбоджада қабылдаған. Ол жақта кино түсіріліп жатқан болатын. Жетімдер үйінен актриса бір жасқа да толмаған Мэддоксты көріп қалған. Билли Бобпен ажырасып кеткеннен кейін Анджелина баланы жалғыз өзі бағып-қаққан. 
 
2005 жылы актриса Эфиопияға аттанып, еліне анасы ауыр науқастан қайтыс болған Захара атты қызбен бірге оралған. Дженнифер Энистонмен ажырасқан Брэд Питт Анджелина Джолимен бірге тұру шешімін қабылдап, сүйіктісінің екі баласы Мэддокс пен Захараны ресми түрде асырап алған. 
 
2006 жылы Джоли өмірге қыз әкеліп, оған Шайло деп ат қояды. Шайлоның алғашқы суретін People мен Hello! журналдары 10 миллион долларға сатып алып, бұл ақша қайырымдылық қорына аударылған. 

2007 жылы ерлі-зайыпты Пакс Тьен атты баланы Вьетнамнан асырап алған. Анасы Паксты дүниеге әкелген бойда қайтыс болып, бала жетімдер үйіне тапсырылған. 

2008 жылы Джоли екінші рет ана атанып, өмірге Нокс пен Вивьен атты егізді дүниеге әкелді. Жаңа туған нәрестелердің суреттерін БАҚ-қа 14 миллион долларға сатып, ол ақша да қайырымдылық қорына аударылған.

Отбасымен жақын араласатын адамдардың айтуынша, жанұя өте тату тұрады. Анджелина Джоли мен Брэд Питт бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, балаларының әрқайсысымен жеке-жеке әңгіме-дүкен құрады екен. Жұмыстарының көптігіне қарамастан, әлемнің сүйікті жұлдыздары балаларын өздерімен бірге ертіп жүргенді ұнатады. 
М. Оңғарова