Жастық таңдауға арналған кеңестер

Жастық таңдауға арналған кеңестер

Жиі жағдайда ұйқының бұзылуы, жетіспеушілігі, ұйқысыздық, түндегі арқа, мойын ауруының себебі дұрыс таңдалмаған жастықтың кесірінен болады. Күніңіз барынша сәтті өтсін десеңіз, бәрін жастық таңдаудан бастаңыз. 

Жастық таңдау кезінде оның көптеген қасиетіне назар аудару керек. Жастық биіктігі, жұмсақтығы, ішіндегі құрамы да маңызды. Жастық биіктігі сіз үшін ыңғайлы, сіздің физиологиялық ерекшеліктеріңізге сай болу керек. Теориялық тұрғыдан қарағанда, жастық биіктігі желке мен жауырынның арасындағы кеңістіктей болады. Жастықтардың стандартты өлшемдері мынандай: ұзындығы – 40-80 см, ені – 30-50 см.

Жастық жасанды емес (синтепон), табиғи матадан тігілгені дұрыс. Соңғы кезде мамықты жастықтар емес, кебектермен толтырылған түрлері ортопедиялық болып таныла бастады. Жастықтың сырты тығыз матадан тігілгені абзал, осылайша ол матаның ішкі құрамын шығармай ұстап тұрады. Сонда да ол барынша жеңіл, ауа өткізетін болуы керек. 

Жастықтың тігісі берік болуы керек, тігістері қолдану барысында жыртылып кетсе, жастықтың ішіндегі мамығы шығып кетеді. Жастықты сатып алған кезде тігістерін толықтай тексеріп, инеден қалған үлкен тесіктер мен тігілмей қалған жерлердің жоқтығына көз жеткізіңіз. Тігілген жерлерді бір тартып, олардың беріктілігін тексеруге болады.

Жақсы демалу үшін омыртқа түзу жатуы керек, сондықтан жастық тым үлкен де емес, тым кіші де емес, тіктөртбұрыш пішінді болғаны дұрыс.

Соңғы кезде қарақұмық (гречка) кебегінен жасалынған жастықтар үлкен танымалдыққа ие болып жатыр.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: housebeautiful.com 

С. А