Ол үйленген болып шықты...

Ол үйленген болып шықты...
Фото: Бекзат Қадырбекова

Сәлем, құрбылар! Сіздермен сырымды бөліскім келеді. Массагет порталына құпия түрде сырмен бөлісуге мүмкіндік бергендеріне көп рақмет!

Менің жасым 20-да. Өткен жылы мен бір жақсы жігітпен таныстым. Бізді таныстырған – той-думан еді. Он шақты жігіттің ішінде бойшаң, әдеміше келген, аққұба жігіт достарымен амандасып, құшақтасып жатыр еді. Бір топ жігіттің жанынан өтіп кетуім керек болды. Дәл соның қасынан өтіп бара жатқанымда оның маған қарап тұрғанын сезіп едім.

Той барысында үнемі соны іздеп отырдым. Жастардың тостына шыққанда, самсаған жас қыз-жігіттердің арасында ең әдемісі болып тұрды. Өзі салмақты.

Той барысында ол келіп, менімен танысты. Мен қуанышымды білдіртпей тұрдым. Телефон нөмірімді алған соң, далаға шықтым. Тойдан кейінгі отырысқа да бірге баратын болдық. Арасында әңгімелесіп, таныстық. Өзі салмақты, ұялатыны да бар. Кейін «сені қатты ұнатқандықтан ұялып тұрдым» деген еді. Жасы 25-те.

Мен басқа қалаға жұмысқа кеттім. Ендігі біздің танысып, араласуымыз қашықтық арасында болды. Ол маған күнде жазып, хабарласатын. Оның дауысы мен үшін қоңыраудың сылдырындай болатын. «Жаным, ботам, жүрегім» дегенде өзімді сондай бақытты сезінетінмін!

Оған барыммен сенетінмін. Болашағымызды елестететінмін. Мінезі жұмсақ, адал жан болып көрінеді ол маған. Күнделікті сөйлесіп жүргендіктен, мен оған қатты бауыр бастым. Күндердің бір күнінде маған ол туралы бір ақпарат жетеді. «Араласуды тоқтат, ол үйленген екен». Бұл сөзді естігенімде денем лезде суып, дәл сол мезетте қайта ысып кеткендей болды. Жаратқан ием, бұл мүмкін емес!

Менің ызам бойыма сыймай бара жатты. Біраздан соң ол да хабарласты. Мен көтермедім. Жазды. Оқымадым. Бір кезде жауап бергемінде «Қайда жүрсің? Жігіттермен жүрсің бе? Неге алмадың!» деп ашуланды. Бұл – оның алғашқы ашулы сөзі еді. Егер мен оның құпиясын білмегенде, бәлкім қуанар ма едім қызғанғанына? Қатал жауап бердім. «Сен менің жігітім де емессің. Сабаңа түс!» дедім.

Біраз күннен соң өзінен сол сырын суырып алдым. Ол үйленгенін, ажырасқанын, баласы бар екенін де айтты. Менің жүрегім сыздап, ауыра берді.

Неге десеңіз, мен оқып жүрмін, әлі тұрмыс құрмағанмын. Ата-анам мені оған бере ме? Оның баласы бар! Содан бері ол маған талай рет сүйгенін айтып, хабарласатын. Мен оның әрбір сөзіне сенемін. «Сені сүйем, жақсы көремін, ұмыта алмаймын» деген дауысынан шындық екенін сеземін... Мен де оған бауыр басып қалдым. Бірақ сүйемін бе? Жоқ па? Түсінбеймін.

Бірте-бірте араласуды да тоқтаттық. Қазір мүлде сөйлеспейміз. Мен оның қаласына келіп, кездейсоқ көріп қалуымды тіледім... Ол да болмады. Хабарлассам, есіне түсіремін, қайтадан тастап кетемін. Ешқандай «шанс» жоқ деп өзімді тоқтаттым. Бірақ ол жайлы ойлай беремін. Оны көргім келеді, естігім келеді. Қасында отырып, қолынан ұстағым келеді. Бірге қыдырып, ойнап-күлгім келеді. Мен оны ұмытқам жоқ. Оның біреуге үйленгенін естісем, өзімнің қандай күйде болатынымды елестете де алмаймын... 

Сіздерден көмек сұрай алмаймын... Тек өз пікірлеріңізді білдірсеңіздер де, жеткілікті. 

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com. 

Ф. Абилова