Жігіттің сөзіне алданған қыз

Жігіттің сөзіне алданған қыз
Фото: Бауыржан Бисмильдин

Сәлеметсіздер ме! Мен өз басымда болған жағдайды жас қыздарға құлаққағыс ретінде баяндағым келеді...

Бір жігітпен танысып, жүре бастадым. Мен оны қатты жақсы көрдім. Ол қызқұмар, ішімдік, темекіге салынатын жігіт болатын. Онысына көз жұма қарадым. Кездесіп жүріп, қосылып қойдық. Сосын арамыз алшақтай бастады. Мен түнімен ешкімге көрсетпей жылайтынмын. Не істесе де, кешіріп жүрдім. Бірақ оның алдында жылап, сықтамай, еш сыр білдірмедім.

Бір күні ол маған басқа біреуге үйленетінін айтты. Мен бұл жолы да ешкімге сыр білдірмей, іштей қан жылап қалдым. Сөйтіп қайғыдан қан жылап жүргенде (2 ай өтпей жатып) бір жігітпен танысып, өткенді ұмыту үшін жүре бастадым. Кейін дереу есімді жиып, мұным дұрыс емес екенін түсініп, оған айырылысуға ұсыныс жасадым. Ол бұған келіспеді. Екеуміз сөйлесіп отырғанда бар сырымды ақтаратынмын, тіпті бұрынғы жігітім туралы да айтып, жылап алатынмын. Оны әлі ойлайтынымды да айттым. Сонымен ол мен туралы бәрін білетін болды. Мен оған талай рет айырылысайық, мен саған лайық емеспін дедім. Басқаға тұрмысқа шыққалы жатырмын деп те өтірік айттым. Сонда да қалмады.

Содан 4 жыл жүрдік. Үйлендік. Қазір сондай бақыттымын! Ол тамаша күйеу, менің ата-анама да қарайласады. Осындай жігіт кездестіргеніме шүкірлік етемін. Жақында тойымыз болады. Ал әлгі жігіт үйленіп, 1 қызымен ажырасып кетіпті.

Қыздар, сізге айтарым, бәрі жақсы болады, сабырлы болыңыздар! Ал жігіттер, қыздың көз жасына қалмаңыздар, онымен ұзаққа бармайсыздар...

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі – біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі – біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com.

Ф. Абилова