Оның маған деген сезімі суыды

Оның маған деген сезімі суыды
Фото: Михаил Хван

Сәлеметсіз бе, құрметті оқырман әпкелер! Мен де сіздерден көмек сұрамақшымын.

Жасым 20-да. 4 ай сөйлесіп жүрген жігітім бар. Бәрі жақсы сияқты еді, күнде звондап, қал-жағдайымды сұрап тұратын. Енді кеше түнде хабарласып, "арамыз суып бара жатқанын байқайсың ба?" деді. Мен "енді не істейміз?" десем, "білмеймін" деді. "Мүмкін біраз уақыт сөйлеспей қоя тұрайық" деп едім, үнсіз келісті. Солай осы айдың соңына дейін сөйлеспейміз деп шештік. Соңынан кешірім сұрап: "Соңғы кезде ештеңеге зауқым жоқ, ренжімеші, журегіңді ауыртсам" деді. Мен де намысым жібермей "дұрыс жасадың" дедім.

Күн сайын сөйлескенге әбден бауыр басып қалыппын. Таңертең ұйқымнан тұра сала жалғыз қалғандай күй кештім. Оның үстіне өзім жұмыс жасап, қалада, ата-анамнан жырақта жүрмін. Жүрегіме қатты тиді. Өзім мінезім тұйық. Ол әңгіме айтып отырған кезде тек "иә" не "жоқ" деумен шектелемін. Ылғи мені сөйлетуге тырысады. Ондайда тіпті не айтарымды білмеймін. Бойымдағы осы қасиет оның маған деген сезімінің сууына алып келді-ау деп ойлаймын. Оның үстіне арамыз алыс, ол Қызылордада, ал мен Алматыдамын. Осы алшақтық арамызды алыстатқан сияқты.

Өз-өзімді алдап, оны ойламауға тырыссам да болар емес. Сойлеспегелі 1-ақ күн өтсе де, қатты сағындым, бауыр басып қалыппын.

Қалай араны суытпауға болады? Жігітті жалықтырмау үшін не істеуге болады? Өздеріңізде осындай жағдай болса, қандай шешім қабылдап, қалай әрекет етер едіңіздер (біраз күннен соң хабарласпаса)?

Тұщымды ой мен пайдалы кеңес күтемін сіздерден. Рахмет!

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі – біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі – біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com.

Ф. Абилова