Екі оттың ортасында қалдым

Екі оттың ортасында қалдым

Мен өзімнің анамды қатты жақсы көремін, анам – мен үшін әлемдегі ең бірінші адам. Бірақ дәл қазір анам мен сүйген жігітімнің екі ортасында қалып отырған жайым бар. Сіздерге түсінікті болу үшін бәрін әріден бастайын. 

2 курста оқып жүрген кезімде сүйген жігітімді жолықтырдым. Оның қандай жақсы адам екенін тек мен ғана білемін. Бірақ анам мен ағам бірден қарсы болды. Өйткені ол темекі шегеді, аздап ащы судан ұрттап қоятыны да бар. Анам бірден: "қызым, сені бала кезіңнен бетіңнен қақпай өсірдік, не ішем, не кием демейсің, қазір ең жақсы оқу орнында оқып жатырсың, ол жігіт саған лайық емес", - деп өз ойын ашып айтты. Әкеміз ерте қайтыс болып кеткеннен кейін әке орнын басқан ағам да бұл жігітті құптамады. Бірақ ол жігітті қатты сүйемін. Ішетіні, темекі шегетіні рас, ішкенде мінезін көрсетеді, бірақ оның басқа жақсы жақтарын неге ойламайтындарын түсінбеймін. Бір сөзінде жігітім: "біз ескі заманда өмір сүріп жатқан жоқпыз ғой, егер менімен бірге кетем десең, ойлан. Алып қашсам, менімен бірге кетесің бе?" - деп айтып қалды. Мен байғұс не дейін, осы күнге дейін бар қамымды жасаған аяулы анашымды, қамқор ағамды ойлап, жылап алам. Олар теріс батасын берсе, менің өмірім не болмақ? Мен жігітіме кәміл сенемін, ол мені толық бақытты ете алады. Өйткені қанша жерден ішсе де, мен тек қана сол жігіттің жанында өзімді бақытты сезінемін. Осыны неге түсінбейді екен? Ағам үйді ойлаймын деп жүріп, әлі күнге үйленбеді, жасы 30-дан асып кетті. Ағамның осы кезге дейін бір қызбен жүргенін өз басым көрмеппін, сондықтан ол махаббаттың не екенін түсінбейтін сияқты. Ал анам кезінде өзі де жас болды емес пе? Мені неге түсіне алмайды? Өз қызына неге бақыт тілемейді? Ол жігітсіз өмірімнің бір күні тұрмақ, бір сағатын да елестете алмайтынымды олар білсе де, неге менің сезіміме көз жұма қарайды? Ер адамды көрге де, төрге де сүйрейтін – әйел адам емес пе? Егер мен ол жігітке қосылсам, оны түзеуге, ішімдігін қойдыруға бар күшімді саламын. Сосын екеуміз өмір-бойы бақытты отбасы боламыз. Бірақ бұл сөздерім әзірге арманым болып қалып отыр. 

Екі оттың ортасында қалу – бәрінен де жаман екен. Жігітіме кетейін десем, анамды, ағамды қимаймын, анам мен ағамды тыңдайын десем, жігітімді қимаймын. Осылайша екі оттың ортасында қалып, шыр-пыр болып жүрген жайым бар. Жігітім байғұс анамды көрсе, жалпаңдап, анамның қас-қабағына қарайды. Бірақ анам жібімей: "ол – сенің теңің емес" деген сөзінен таймай отыр. Менің теңім сонда қандай адам? Мен сияқты тұрмыс жағдайы жақсы, жоғары білімі бар адам ба? Айтпақшы жігітім оқуға түсуін түсіп алып, жарты жолдан тастап кеткен. Оның өзіндік себептері бар. Сонда адамның сезімі, махаббаты қайда қалады? Көкейімді жауабы жоқ көп сұрақ өртейді. Не істесем екен?! 

Автор: Құпия қыз

Сурет: mail.fotocars.com

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

М. Оңғарова