Жалғыз сиыры жардан құлаған соң...

Жалғыз сиыры жардан құлаған соң...

Ну орман арасында жаяу келе жатқан философ пен оның шәкірті өмір сапарында кезігетін кейбір кездейсоқ істердің кейде арты жақсылыққа айналып кететін тұстары да болатындығы жөнінде әңгіме қозғайды.

Әңгіменің қызығымен екеуі жүре-жүре бір шағын егіс алаңындағы ескі үйдің алдынан бір-ақ шығады. Бұл егіс алаңының орны жақсы болғанымен, айналасы қаңырап бос жатыр. Ондағы мына үйдің де әбден тозығы жеткен.

Екеуі ескі үйдің есігін қағады. Үй иесі есігін ашып, оларды үйіне кіргізеді. Жұтап тұрған бұл үйдегі ерлі-зайыптылар мен үш бірдей баланы көреді.

- Ну орман арасында отыр екенсіз. Тіпті, айналаңызда бірер дүкен де көрінбейді. Сонда немен жан бағып отырсыздар? – дейді отағасына философ.

- Ой, қарағым, немен жан бағады дейсің. Жар дегенде жалғыз сиырымыз бар. Соны сауып, ішіп отырмыз. Аузымыздан асқанын осы маңдағы ауылға апарып, азық-түлікке айырбастап келемін. Қалған сүттен ірімшік жасап, айран ұйтып дегендей. Күн көрісіміз міне, осылай.

Олар отағасымен қоштасып, айналасына біраз қарап тұрады да, жолдарына түседі. Ұзай бере, фолософ шәкіртіне:

- Сен ана сиырды жетелеп апар да, құздан құлатып жібер, - дейді.

- Бір үйлі жанды бағып отырған сиырды жардан ұшырып жібергеніміз қалай болар екен? – дейді шәкірті таңданып. Ұстазы жұмған ауызын ашпайды. Ұстазының сөзін жерге тастамайтын жігіт амалсыздан оның айтқанын істейді. Сиырды жардан құлатып жібереді.

Арада көп жыл өткенімен, әлгі жігіт бұл істі ұмыта алмайды. Өзі сауда жасап, ауқаттанып қалғанымен, бір үйлі жанның обалына қалғанына налып жүреді. Ақыры жан азабына шыдамаған жігіт сол бір үйлі жанды қайта іздеп тауып, өз айыбын мойындап, еселеп төлем төлеуді жөн көріп, жолға шығады. Баяғы орман ішіндегі алақандай аумаққа қайта барғанда, бұл араның өзгерісіне қатты таң қалады. Тозығы жеткен үйдің тура орынында сәулетті саяжай салынған. Үйдің ауласына егілген гүлдердің қош иісі мұрын жарады. Тіпті, үй маңында жеңіл автокөлік тұр. Аулада бір топ бала асыр салып ойнап жүр. «Олар кетіп қалған болды. Күн көрісі ауырлаған соң, бұл аймақтан мүлде безініп кеткен болар» деп өз ісіне қатты опық жейді. Не де болса, іздеп табу керек. Ол сәулетті сарайдың есігін қағады. Үйден бір сыпайы жас келіншек шығады. Шамасы үй қызметкері болу керек.

- Он жылдың алдында осы жерде тұратын бір үйді жан болушы еді. Солардың қайда кеткенін білесіз бе?

- Мұнда он жылдың алдында ондай адамдар болған емес. Бұл кісілер бағзыдан осы маңда тұрып келеді.

Сенер-сенбесін білмеген жігіт үйге кіріп келеді. Отағасы да оны көрген жерден тани кетеді.

- Әлгі қасыңдағы оқымысты қайда, ол неге келмеген? – деп отағасы хал сұрай бастайды. Жас жігіт отағасының қалайша бұл күйге жеткенін сұрай бастайды.

- Тегінде біздің жан бағып отырған жалғыз ғана сиырымыз болатын еді. Не қара басқанын кім білсін, жардан құлап өлді. Кейін жан бағу үшін шөп дәрі, егіс дақылдарын ектім. Күзге дейін ағаш кесіп, отын саттым. Әрине, кескенді білген адам еккенді де білу керек қой. Сонымен, кесілген ағаш орнына тал отырғыздым. Балалардың киімі тозған соң, мақта ектім. Алғаш қатты қиналдық. Алайда күз бола бері бәрі сәтіне басты. Бұдан бұрын егіс алаңынан маған мұнша көп пайда түсетінін ойламаған екенмін. Әйелім күзде мақтадан киім тігеді. Ал мен егіс шаруасымен шұғылданамын. Қазір бәрі де жақсы. Әлгі бар болғыр сиырдың жоғалғанына қатты қуанып жүрмін, – деген екен.

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек