Үйлену тойы алдындағы күйзеліс

Үйлену тойы алдындағы күйзеліс

Әрбір қыз баласы үшін өмір-өзеніндегі ең жауапты күн – жар атанатын сәт күн өткен сайын жақындай түседі. Бәріміздің де күндердің-күнінде ақ босаға аттап, ақ жаулық байлап, келін атанатынымыз хақ. Алайда мұндай елеулі оқиғаны қабылдау оңай емес. Нәзікжандылар қауымы той алдында қуанышты эмоциялармен қатар, көңілсіз ойлармен алысып, беймәлім күйге еніп, күйзеліске ұшырап жатады. Бұл құбылыс ғылымда үйлену алдындағы күйзеліс деген атпен қаралып жүр.  

Сондықтан да, басыңыздан беймәлім күйді өткеріп жүрсеңіз, саспаңыз! Бұл қалыпты жағдай. Сіз жалғыз емессіз! Мұндай жағдай кез келгеннің басында болады. Бастысы, өзіңізді дер кезінде қолға ала біліңіз. Тырыссаңыз, сіз алмайтын қамал жоқ деп біліңіз.

Жалғыз бәрін шешемін деп өзімшілдік танытудың еш қажеттілігі жоқ. Болашақ жарыңызбен ақылдасудың оғаштығы жоқ екендігін түсініңіз. Талас тудырып тұрған мәселелерді бірлесе шешкен әлдеқайда жеңіл болмақ. Болмашы нәрсе үшін онымен ұрсыса беруден өзіңізді тыйыңыз. Төзімділігіңіз бен тапқырлығыңыздың анықталар кезі – осы сәттер екенін біліңіз!

Тойдың машақаты тым көп. Бірақ, бәрі идеал өту керек деген бағытты ұстап, есеп-қисапқа бас қатырып, өзіңізді қинамаңыз. Ауруханадан бір-ақ шықпасыңызға кім кепіл!? Той алдында өзіңізді бұрынғыдан екі есе күтуіңіз керек. Екі есе әдемі болуға міндеттісіз.

Ұсақ-түйектер ме? Бір аптадан кейін сіздің шақыру билетіңіздің түсінің алқызыл емес, шабдалы түстес болғанын ешкім де есіне алмайды. Ақ түсті шардың сары түсті шардан көп болғанын есептеп отыруға ешкімнің шамасы да келмейді және газды су жетпей қалса, газсыз сумен де шөлді басуға болады! Ойыңызды тазартыңыз!

Үлкен көлемдегі салтанатты кешті ұйымдастыруды жоспарлап жүрсеңіз, туыстарыңыздың, жақын достарыңыздың арасынан "көмекші сайлап" алыңыз. Бұл бәрін жұмсап қою керек деген сөз емес. Бір қызметке жауапкершілік арқалатсаңыз, еш ағаттығы жоқ. Оған менің құқығым деп біліңіз.

Бәлкім, бұл күйзеліс сіздің жасаған таңдауыңызға деген күдіктен пайда болған шығар? Жаңа өмірдің есігін ашуға қорықпаңыз, сіз ол есікке жалғыз кіргелі тұрған жоқсыз! Барлық күдігіңізді сейілтіңіз! Некенің бәрі ажырасумен аяқталады деп кім айтты сізге?! Өзіңізге келу үшін танымал тұлғалардың өмірі туралы, бақытты ғұмыр кешкен жанұялар туралы кітаптар оқып көріңіз. Осы тұста Ә. Нұршайықовтың "Мәңгілік махаббат жыры" атты кітабы сізге көмекке келе алады.

Спортпен айналысыңыз. Велосипед тебу, шаңғы, аэробика, жүзу... Мейлі не таңдасаңыз да, сізді артық ойлардан арылта алуы керек. Йогаға қалай қарайсыз? Хош иісті маймен әрленген ванна немесе СПА салондар да сіздің бір уайымыңызды алып қалар еді...

Әрдайым дұрыс тамақтаныңыз. Тағамды ұмыту ешбір мәселені шешіп бере алмайды. Оқуыңызды, жұмысыңызды ысырып тастау да үлкен қателік. Уақытыңызды ұтымды пайдалансаңыз, бәріне де үлгеруге болады.

Үйлену тойы алдындағы күйзеліске сіз ғана емес, серігіңіз де тап болуы мүмкін. Нәзік жандылар қауымына әлдеқайда оңайырақ, олар жылап, айқайлап немесе біреудің иығына басын қойып, ішіндегісін ақтара алады. Ал жігіттер ше? Іштен тынып, бәріне үнсіз көндігуге тура келеді емес пе? Мұны да ескеріңіз. Бірге қалып, тауға серуенге шығыңыздар, романтикалық кешкі ас ұйымдастырыңыз, қысқасы, өзіңіздің жаныңыз қалағанды жасап көріңіздер. Дастархан басында тойдың мәселесін біржола жауып, болашақ, сәби туралы армандаған артығырақ. Иә, солай! Күйзелісіңізге көңілді өткізген уақыттан артық дәрі жоқ. 

Суреттер:vk.com