Аралда қалған махаббат

Аралда қалған махаббат

Қуаныш, Қайғы, Білім, Махаббат және басқа да сезім иелері бір кішкене аралда өмір сүріпті. Бір күні бұл сезім иелері аралдың жуық арада теңізге батып кететінінен хабар алыпты. Барлығы да аралдан кету үшін жанталасыпты. Аралда жалғыз қалған тек Махаббат екен. Бірнеше күннен соң арал шынында да шөге бастапты. Махаббат амалсыздан басқалардан көмек сұрауға мәжбүр болыпты.

Дәл осы сәтте Байлық бір үлкен, салтанатты кемемен өтіп бара жатыпты.

- Байлық, мені ала кетші, - депті Махаббат.

- Жоқ, - депті байлық, - кемеде көптеген алтын-күміс бар. Сен сыярлық орын жоқ.

Махаббат өзімшіл Бақыттың бір әдемі қайықпен кетіп бара жатқанын көріп:

- Бақыт, көп жылдар бойы қасыңда болып ем ғой. Мені ала кетші!

- Жоқ, әкете алмаймын. Үсті-басың су болып кетіпті. Мына әдемі қайығымды былғайсың, - депті.

Осы сәтте ескі кемесін мініп, Қайғы келіпті.

- Қайғы, мені ала кетші?

- Жоқ, Махаббат, мен көп азап тарттым. Енді жалғыз қалғым келеді, - деп Қайғы да кете барыпты.

Қуаныш та Махаббаттың жанынан өтіп кетіпті. Ол тым көңілді болғандықтан Махаббаттың әлсіз дауысын естімей қалыпты.

Әбден күдері үзілген махаббат жыламсырап отыра қалыпты. Осы сәтте кім екені белгісіз біреу оны шақырып:

- Махаббат, мұнда кел. Сені ала кетейін, - депті бір әбден қартайған ақсақал. Қуанышы қойнына сыймаған махаббат оның есімін сұрауды да ұмытып кетіпті. Жағалауға келген соң әлгі ақсақал үн-түнсіз өз жолына түсіпті.

Артынан жүгіріп жете алмаған Махаббат жағалауда жалғыз отырған Білімнен сұрапты:

- Жаңа мені құтқарған ақсақал кім болды?

- Ол – Уақыт, - депті білім жайбырақат.

- Менің онымен еш қатысым жоқ қой. Не үшін мені құтқарды? - депті аң-таң болған Махаббат. Білім күлімсіреп:

- Өйткені, сенің ұлылығыңды тек сол ғана түсінеді! Махаббат – Уақыттың сынына мұқтаж, - деген екен. 

Дайындаған: Алшын МАТАЙ

Сурет: psycofe.com

Қ. Қауымбек