Тура жолдан тая бастаған баланың белгілері

Тура жолдан тая бастаған баланың белгілері

Ұрпақ тәрбиесі – болашақ ұлт тәрбиесі. Ата-аналар үнемі бауыр еті баласының оқу нәтижесі, киім-киісі, үйдегі сыйластығы жайлы ойлағанымен, баланың ішкі психологиясына дендеп ене алмайды. Тәрбие жүректен басталуы керек. Балаңыз өзгеріп бара жатыр ма? Ендеше ол жөнінде оның тұла бойына, іс-қимылына зер салыңыз. Сосын ғана тәрбие жұмысын бастағаныңыз абзал.

Жапонның әйгілі балалар психологиясының маманы, профессор Шы Чуан мырза тура жолдан тая бастаған балалардың төмендегідей 19 түрлі белгісін ортаға қойған:

  1. Сумка асынған бейнесі оқушыға ұқсамайды.
  2. Шашын ерекше көзге түсетін үлгіде жасатады.
  3. Достық қарым-қатынасы қалыпсыз болып, достарымен үнемі есік алдында ұзақ сөйлеседі.
  4. Достарынан мезгілсіз уақытта телефон келеді. Әрі осы үдеріс жиілей береді. Телефондағы қарсы жаққа қайтаратын жауабы қалыпсыз әрі келте болады. Телефон қабылдай салысымен сыртқа шыға жөнеледі немесе дауысын басқаларға естіртпеуге тырысады.
  5. Сабақтан түскен соң түрлі сылтаумен үйге кешігіп келеді, барған жерін айтпайды немесе өтірік айтады, ол көзінен байқалып тұрады.
  6. Бөлмесінде үнемі жалғыз отырады. Сабақ оқығандай болып көрінгенімен, нәтижесі қашанда төмен болады.
  7. Темекі, сіріңке секілді нәрселерді алып жүреді. Немесе жанына жеңіл қару алып жүреді.
  8. Жаңа сатып алған қағаз-қаламын күтіп ұстамайды. Үнемі қайдан алғаны белгісіз жаңа дүниелер ұстап жүреді.
  9. Оқу нәтижесі күрт төмендейді. Оқудан қашады.
  10. Үнемі өтірік айтады. Мақтау сүйеді, дөрекі сөйлейді немесе сөзі күңгірттеу болады.
  11. Сырт көзге біртүрлі киімдер киінетін болады.
  12. Ақшасы кенет көбейіп, қайдан келгені белгісіз ақшалары болады.
  13. Үйден безгіш келеді.
  14. Кірпияз немесе тамақты қомағайлана ішеді.
  15. Ата-ананың алдында өтірік елпек қағады, орынсыз сөз таластырады.
  16. Әке-шешесі сөйлегенде бетіне тура қарай алмайды. Сонымен бірге үлкен адамдардан үнемі тайсақтап, оларға ұрлана қарайды. Жайраңдап ашылмайды.
  17. Емтихан қағазын үйіне әкелмейді. Емтихан уақытын ата-анасына айтпайды.
  18. Ата-анасымен бірге отырып теледидар көрмейді. Отбасында жалғыздыққа бой алдыра бастайды.
  19. Ата-ананың сұраған сұрақтарына тым келте жауап береді. Ата-ананың қасында байыздап отыра алмайды. Әлдебір кінәсі бар адамдай қашқақтап жүреді.

Қысқасы, баланың ең алғашқы ұстазы ата-анасы, бала көңіліндегі түйткіл ата-ананың көзқарасынан қашып құтыла алмайды. Дер кезінде байқап, дер кезінде түсінісіп отырған жөн. 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: education.tamu.edu

Қ. Қауымбек