Қызғанбауды үйрен

Қызғанбауды үйрен

Осы бізде, жалпы адам баласында, көңіл қалу, ренжу, біреуге ашулану, ызалану деген түрлі-түрлі процестер болып жатады. Бірақ ешқайсымыз ол сезімдердің пайдасын, зиянын, оның пайда болу технологиясын, ішімізде жасалып шығу жолын ойланып, оны зерттеуге тырысып, өмірімізге тікелей, немесе жанама әсерлерін білуге ынталанып жатпаймыз.

Жалпы  адам ешкімге ренжімей, ашуланбай, ызаланбай, кек сақтамай, күндемей, көре алмастықтан алыс болып, ешуақытты өз бойына осы сезімдерді жолатпай өмір сүре ала ма? Оған мүмкіншілігі бар ма? Оларға жоламай, бойыңнан аластату қиын шаруа ма? Кез келген адам қаласа, оны өз бойынан оп-оңай шығарып тастай ала ма?

Енді бұл сезімдерді жасап шығарушы механизмдер біздің қалауымыздан тыс өз жұмысын шатыр-шұтыр қылып жатад.

Таза бол, кек сақтама, қызғанба деген сөздерді құдайдың құтты күні естіп жүрген біз біреуді қызғана қалған жағдайда: “Жоқ, болды мен қызғанбайм” – деп бір ауыз сөзбен түйіп, бұл кеудені тырнап бара жатқан қызғаныш атты сары мысықтын құтыла алмаймыз. Қанша тырыссақ та, ол оңайлықпен кете қоймайды.

Сондықтан көпшілік адам қызғаныштың жаман екенін біліп, өзіне де, өзгеге де пәле болып жабысатынын сезсе де, сол залым сары мысықты жеңе алмағанының себебінен, соны жеңудің технологиясын білмегендіктен сол ит сезіммен өмірін қор қылып жүре береді.

Біреуге ренжу, көңіл қалу, қызғану деген сезімдер біреуге тәуелді болған жағдайда, яғни психологиялық тұрғыдан тәуелділікке ұрынған жағдайда орын алады.

Мәселен, біз бір адам өз саласында өте жақсы нәтиже көрсетіп, жұрттың алдында абырой, беделге ие болып жатқандығын көргенде оны іштей қызғанып, соның жойылуын тілеп сондай бір жаман, қиын күйге түсуіміз мүмкін.

Іштегі болып жатқан процесс мынау. Біз сол адам араласатын ортаның өзімізді мойындағанына тәуелді болып отырмыз. Яғни осы кезге дейінгі істеген ісіміз, ойлаған ойымыз, айтқан сөзіміз тек қана бір нәрсеге –  тек сол адамдардың алдындағы абырой, беделге, солардың мойындауына ғана бағытталған.

Іс бастап, жақсылыққа бет бұруымыздың өзі “осыдан өзіме пайда болсын” – деп алды-артын ойлап, пайдасын түйсікпен түсініп, жан-жақты саралап, шешім қабылдап жасалған бет бұрыс емес. Жұрт алдында жақсы көрініп абыройлы болу мақсатындағы бетбұрыс екенін ішімізге жөндеп үңілсек көре аламыз.

Тіпті ол іс өте жақсы, керемет, әділ, сондай жоғары деңгейдегі іс болса да түпкі мақсат басқа болғасын ол бізге пайда келтірмейді. Қайта болашақта қызғаныш пен ыза, түңілу мен көңіл қалу деген секілді сұр жыландарға ұрыну қаупі төніп тұрад.

Сен мақтануға тырысып жүрген ортаң басқа адамға көңілі ауып, сен тасада қалып қойған кезде,  міне сол кезде: “Қап бәлем бір күні қолыма түсерсің” – деп, тіс қайрап, тасада бұғып, тығылап жатқан қызғаныш деген ит өз жұмысына шындап кіріседі. Сосын сорлап жүреміз.

Осы жағдайға анализ жасасақ, біздің осы күнге дейінгі ісіміз, ойымыз, сөзіміз, әрекетіміз сол ортаның пікіріне, ойына, сөзіне тәуелді болған. Яғни, біз өзіміздің мақтанымызға ғана құл болғандымыз белгілі болады. Таза ой, еркін ой дегендер адыра қалып осы кезде көп адамның өмірінің мәні кетіп, асқынып кетіп жатса суицид деген бәлеге ұрынады.

Сондықтан әр адам өзінің не нәрсеге тәуелді болып, ненің жетегінде кетіп бара жатқандығынан хабардар болуға тырысып жүруі керек.

Кез келген адаммен өзіне лайықты дистанция ұстау арқылы, біз олардың мақтауына тәуелді болмаймыз. Тіпті олар даттап жамандап, бізді ит қылып өсектесе де көңіліміз баяғыдай болады. Ол бізге әсер етпейді.  Оған ашуланып, сөз қайтарып, оны дәлелдеуге тырысып күйіп піспейміз. Себебі біз ол адамның мақтауына мұқтаж емеспіз. Біздің ісіміздің, оймыздың, сөзіміздің түпкі мақсаты солардың мойындауына ие болу емес.

Осылайша пасық сезімдерден өзімізді құтқарамыз.

Сонда адам баласы ешқашан ренжімеу керек пе? Олай болса бұл ренжу атты сезімді жасап шығаратын машина жүрегімізде не қып тұр. Неліктен бұны біздің болмысымызға орналастырып қойған? деген сұрақ туады.

Мәселе, “Cен менің сөзімді тыңдамадың, мән бермедің” – деп ренжісең, ол саған зиян.

Шын жақсылып ойлап: “Неге қылмайсың, қылсаң адам болып кетер едің” – деп жанашырлықпен ренжісең ол пайда. Мәселе ниетте, мақсатта болып тұр ғой.

Бір нәрсені ескеру керек. Жұрттың пікіріне тәуелді болмау деген – “Сенің сөзің, ойың сөз емес” – деп адамды менсінбеу емес. Кез келген адаммен сыйласып, дос болып, жақсы көріп, пікірін тыңдап, біліп, талдап дұрыс деп шешсең соны қылу.

Автор: Еркебұлан Қайрахан

сурет: vk.com