Инфантилизм деген не?

Инфантилизм деген не?

Барлығымыздың бойымыздағы түрлі-түрлі кемшіліктер өмірдің заңы ма? Әлде өзіміздің ақымақтығымыз ба?

Жасы келіп, қырыққа таяса да, өткен-кеткен қыз-қырқындарын айтуға құмар адамдар да бар. Бұларды инфантилдер дейді.

Инфантилизм – латын сөзі. Мағынасы “балалық” деген сөз. Яғни дамудың кері кетуі деген мағынаны білдіреді. Инфантилизмді екі жағынан қарастырған дұрыс:

Бірінші, физиологиялық инфантилизм. Бұл адам ағзасының табиғи даму үрдісінен айнып, дамуының тежелуі.

Екінші, психологиялық инфантилизм. Бұл адамның ішкі жан дүниесінің күннен-күнге дамып, түсінігі артып, даналыққа қарай жақындауының орнына, күннен-күнге кері кетіп, адамның рухани тығырыққа тіреліп, жанын түрлі-түрлі қайшылықтар торлап алып, бір түсініксіз халге бой ұрып, өмірінің мәнін жоғалтып алуы. Осы туралы толығырақ тоқтала кетейік.

Сәби туылған сәттен бастап, өмірге көзқарасы қалыптаса бастайды. Ата-анасының айтатын ақылдары, үйге келетін қонақтар, ауладағы достарының әңгімелері, телеарналар, газет-журналдардан естігендері бәрі-бәрі әсер етеді. Ер жетіп есі кірген соң, көкірегі түрлі арман-мақсаттарға толады. Пай, шіркін, астыма бір тойота мінсем, сосын бір жастар ұйымын басқарып, сөйте-сөйте өзімді көрсетсем. Оқу бітірген соң, әкімшілікке немесе бір министрлікке қызметке тұрсам. Сөйтіп жегенім алдымда, жемегенім артымда болып бір шалқыған байлыққа жетсем, қызметім халқыма жағып атақ-беделге ие болсам. Сөйтіп бір сұлу қатын алсам, бала-шағамды өсіріп солардың арасында шалқып отырсам. Сөйтіп атақ-абырой, мансап, байлыққа ие болып дүниеден өтсем – дейді.

Қызықтың бәрі жас жігіттің көзқарасындағы өмір туралы түсініктің қирап, күйреген сәтінде басталады. Ол шамамен 40 жастың ол жақ бұ жағы. Осы жасқа таяған шақта осы арман арман мақсаттың барлығы адыра қалып, бастапқыдағы мақсатынан адасады. Осының бәрі «Кім үшін? Не үшін?» деген сұрақтар жанын жегідей жеп, бұның барлығы адам жанына жұбаныш бола алмайды. Бір сәтте өмір туралы түсініктерінің астаң-кестеңі шығып, бұрынғы арман-мақсаттары ұсақталып, өмірінің мәнісін таба алмай шын сасады. Өлімнің жақындағанын шын сезе бастап, тұла бойын үрей мен қорқыныш билейді.  Қаншама байлық пен мансапқа белшесінен батса да, бұл ішкі тоқырау бұндай азаматтарды қақпанына түсірмей қоймайды.

Сөйтіп адам бұрынғы жастық шағындағы қыз-қыз қайнаған кештерді, бірге жүрген қыздарды, мінген мәшинелерді, құрметке бөленген сәттерін, қатарының алды болғанын тағысын-тағыларды есіне алып алданады, өзін-өзі жұбатқан болады. Жастық шағындағы қызықтарды қиғысы келмейді. Адам жанының тоқырауы деген осы.

Орыс психологы Юлия Люцтің айтуынша, негізінде қазіргі қоғам көптеген клондарды немесе стандартты ойлайтын адамдарды көптеп тәрбиелеп шығарды. Олар сұлу, білімді, бай, мансапқа ие, бірақ бақытсыз. Бұндай адамдарға өзінше пікір қылып, қорытындыға келу қиынның қиыны. Инфантилизмге ұрынбаудың шарты қазіргі қоғамның біздерге таңып қойған өмір сүру стереотипінен бас тартып, адамның өзінің шын қалауын таба білуі және қоғамның назарынан тайсалмай, қорқынышын жеңіп, өмірдің мәнін өз бетімен табуы. 

Белгілі социолог Густав Юнг болса: “Адамның жүрегіндегі әділетті принциптерге қиянат жасамай, адал, ақжүрек боп өмір сүргені ең дұрыс жол. Тым болмағанда осы шындықтарды мойындап өмір сүретін болсақ, бақытты ғұмыр кешуге мүмкіндік молайған болар еді” дейді.

Автор: Еркебұлан Қайрахан

сурет: elite-medicine.narod.ru