Ешкімді күндеме

Ешкімді күндеме

Аса қадірлі оқырманым, бүгін сіз бен біз бірігіп адам бойындағы кейбір қасиеттер туралы сөз қозғасақ деген ниетіміз бар. Соның бірі – күншілдік.

Бұл сезім әрине жаны да, ары да таза, жас балалар мен сәбилерге таңсық нәрсе. Дегенмен біз секілді боқ тіршіліктің өне бойында сүңгіп жүрген адамдарға ол сезім жаңалық емес. Өз жүрегімізде тығылып жатқан осы дерттерді мойындасақ қана сол мерездерден құтылудың айласы мен тәсілін табамыз. Жанымызды да, тәнімізді де сауықтыра түсеміз. Мінезімізді, тағдырымызды өзгертеміз. 

Әлбетте адамның тағдырын қалыптастыратын нәрсе ол адамның мінезі. Мінезді қалыптастыратын ол адамның ішкі халі. Олай болса, қадірлі оқырман, осы туралы аз-кем сөз қозғап, бір жақсы сұхбат құруға тырысып көрелік. 

Біреудің жеткен жетістіктері мен тапқан табысына қызғанышпен қарап, соның жойылуын іштей тілеп күншілдікке бой ұру қазіргі таңда қиын  шаруа емес. Себебі осынау нарықтық заманда адамның өз жүрегіне зер салып, ондағы мерездермен алысып отыруға уақыты жоқ. Мына жақта бала-шаға жылап жатса, мына жақта әйелің ақша тап деп қоймай отырса, мына жақтан салық қысып жатса, әлбетте екінің бірі жүрегімен айналысып жатуға зауқы соқпайды. Себебі тірліктің осы проблемалары-ақ, оның жанын жегідей жеп, тыным таптырмайды. Сол мәселелерді шешуге тырысып, ер азамат немесе әйел баласы түрлі тәсілдер қарастырып, жұмысқа басымен кірісіп кетеді. Сетевойдың қармағына ілініп кеткендері сол күйі ақша қуып, өмірін қор қылып жүре береді. Жұмыс тапқандары болса, таңнан кешке дейін қу ақшаның соңында салпаңдап жүреді. Олай етуінің себебі, тірліктің проблемалары шешілер болса, жаным да тыныш табады деп ойлайды ол азамат… 

Дегенмен, тірліктің мәселері ешқашан бітпейді. Ер азамат соның түбіне жетіп тынышталам деп бүкіл өмірін арнаса да, ешқашан сол дүниенің түбіне жетіп тауыса алмайды. Өле-өлгенше оны бірінен шықса екінші проблема күтіп алып, алтын басын былай да былай соғып қор етеді.  Сөйтіп тірліктің проблемаларын шешу арқылы жаным рахат табады деп жүрген жігіт өмірден оңбай алданып, өзегін өртеген өкініштің алауында қайнап өмірден өтіп кете барады деп ойлаймыз. 

Ал шындығында адамның жанын рахатқа бөлеп, бақытты ететін нәрсе дүниедегі проблемалардың шешілуі емес. Тіпті шылқып бай болып отырған адамдардың өзі менің жаным рахатта деп айтпайды. Сондықтан ішкі тыныштықты, бақыт сезімін адам тірліктен емес, жетпіс килограмм денесіндегі жұдырықтай ғана жүрегінен іздегені өте дұрыс.

Әңгімемізді күншілдікке арнаймыз деген едік. Біреуді күндеп, көре алмастық сезіміне ұрынған азамат күндеген адамы төменшіктей берсе бақытты бола түсем немесе жаным тыныштала түседі деп ойлайды. Күншілдік деген — дерт. Тіпті сол күндеген адамы  төменшіктеп, тіпті өле қалса да, ол мерез ішті тастап кетпесі анық. Бәрібір ол сізді басқа бір жерден ұстап, өле-өлгенше сізді басқара береді. Адам егер жайлап қарап тұрса, сол сезімнің құлы болып жүргендігін бүкпесіз байқайды. Іс-әрекеті, жүріс тұрысы сол біреуге ғана тәуелді екендігі белгілі болады. Өмірін жай ғана дүниенің боғына таласып қор етіп жүрендігін біледі. Шал ақын айтпақшы: 

Дүние-жемтік, мен-төбет,

Соны бақпай не бақтым?

Ырылдасып әркімен

Не қапқыздым, не қаптым. 

Әлбетте адам баласының бұндай әрекеттерінен өзіне мысқалдай да пайда болмайды. Қайта зиян келтірген сайын келтіре береді. Жүрегінің дерті қалыңдаған сайын адам баласы ел-жұртпен риясыз араласудан қалады. Араласқан күннің өзінде жүрегінің салқындығы бөтен жұртқа сезіліп, одан жұрт аулақ жүруге тырысады. Адамның тілін тауып, аңқылдап әңгіме айту деген бір қиын шаруаға айналады ондай адамға. Жан берісерлік достық, махаббат деген асыл қасиеттерден мақрұм болып, өмірдің ләззәтын сезінбей сол күйі өмірден өтіп кетеді.

Олай болса, аса қадірлі, оқырман. Жүрегіміз сезеген, көзіміз көреген, көңіліміз кезеген болсын.

Автор: Еркебұлан Қайрахан

сурет: mail.ru