Жігіттерге кеңес: Оның құрбыларының көңілінен шығамын десеңіз...

Жігіттерге кеңес: Оның құрбыларының көңілінен шығамын десеңіз...

Редакциямыздың жігіттер қауымының кешегі жазған мақаласын оқып, мойындау керек, өміріміздегі көптен күткен сәт - жігітіміздің достарымен танысу кезіндегі тәртіп мен ережелер жайлы жақсы кеңес алдық. Түсінгенімізше, өзімізді оның досына қыз ретінде ұнап қалмайтындай етіп ұстап, жігітіміздің досынан қызғанып қалуына жол бермей, ұқыпты киінуіміз керек. Жігіттер былай дейді: боянбаңыз, сәнді де тартымды киінбеңіз, өзіңізді сыпайы, тәрбиелі қыз ретінде көрсетіңіз, "мәні бар" әзіл айтуға тырысыңыз, әңгімеге өз үлесіңізді қосып отырыңыз, тым ақылды не тым топас боп көрінбеңіз, достарының орынсыз әзілдеріне көңіл бөлмей, жігітіңізге ерекше назар аударып отырыңыз. Осы кеңестерге құлақ түрсек, сүйіктіміздің достарына ұнайды екенбіз. Осылай деп жіпке тізгендей санамаласа да, сөз түйінін: "Шын сүйсек, ештеңе де бізге кедергі емес" деп тәмамдайды. Ендеше, ізеті жүзінде тұрған ибалы да инабатты ханшайымның рөлін сомдау қаншалықты қажет?

Қыздар, өзіміздің табиғи сипатымызды жоғалтпайық. "Дауысыңызды қатты шығарып күлмеңіз" дейді. Жігітіміздің достары айтқан әдемі әзілге рақаттанып тұрып күлгенде тұрған не сорақылық бар? Ал мүлдем орынсыз, тұрпайы әзіл айтып тұрған адамның (жігітіңіздің досының) аузына құм құю соншалықты ерсі ме? 

Біздің болмысымыз басқаша: құрбыларымыздың көзқарасы көп жағдайда (жоқ, әрдайым!) бізге қатты әсер етеді. Құрбыларымызбен әңгіме қылмайтын тақырып жоқ, соның ішінде ең жиі сөз болатын - жігіттеріміз, оның достары, туыстары, жұмысы, біздің ара-қатынасымыз, ұрыс-керістеріміз... Құрбыларымыздың кеңесі мен көзқарасы біз үшін өте маңызды. Сол себепті, сүйіктімізді құрбыларымызбен таныстыру - ара - қатынасымыздағы елеулі оқиға. Сүйіктілерінің құрбысына ұнамаған жігіттер, біткен жеріміз осы дей беріңіздер. Сондықтан, сіздерге де көмектесу ниетімен "сүйіктіңіздің құрбыларына ұнау" миссиясында ауадай қажет болатын кеңестерді тізуге бел будық. 

1. Не киемін деп алаңдамаңыз. Қызыңыз сіздің қандай киім киетініңіз бен шашыңызды қалай тарау керек екенін баяғыда-ақ ойлап қойған болар. (Ол құрбыларының көңілінен не шығатынын сізден жақсы біледі).

2.  Басыңыздан аяғыңызға дейін сүзіле қарайтын көздерге төтеп беруге дайын боп барыңыз. Сізден жанарын тайдырмай отырған нәзік жандылардан қысылып-қымтырылудың қажеті жоқ, олар тек сүйіктіңіздің сіз жайлы майын тамыза айтқан әңгімелері мен көз алдындағы бейнені өзара салыстырып отыр. Жылы жымиып қана отырсаңыз, жеткілікті.

3. Небір таранған тотыдай сылқым сұлулардың ортасына топ ете түскеннен басыңыз айналып, өз-өзіңізге ие бола алмай қалмаңыз. Қасыңыздағы сүйіктіңізді ұмытып, оның құрбыларына ешқашан тесіліп, сұқтанып қарай көрмеңіз! Бұндай жағдайда, сәлден соң соқа басыңыз сорайып жападан жалғыз қалатыныңыз айдан анық. 

4. Қыздардың әңгімелеріне араласып отыруға тырысыңыз. Шоппинг, сән, сымбат сөздерінен түк білмей, сериалдың соңғы бөлімінен мүлдем бейхабар болсаңыз да, айналаға алақтап, абыржудың қажеті жоқ. Тек  "Иә,иә" деп әңгімені түсініп отырғандай кейіп танытсаңыз болды.

5. Дегенмен, қазіргі сәнді трендтер жайлы алдын ала біліп алғаныңыз дұрыс болады. Сәнді трендтердің біреуін болса да дұрыс атасаңыз, қыздардың көз алдында бір сатыға жоғары көтерілесіз.

6. Қыздардың бәріне бірдей ілтипат танытып, сусынын құйып, тамақтарын салып беріп, орындықтарын жылжытып отырыңыз. "Қажет болса, көмек сұрауға ұялмаңдар" деп қойыңыз. Алайда, бәрінен де өз қызыңызға ерекше көңіл бөлгеніңіз жөн.

7. Ғашығыңызға махаббатқа толы ыстық көзқараспен қараудан қысылмаңыз. Бұл - сезім шынайылығының бірден-бір дәлелі. Ал қыздар қауымы ондай ұсақ-түйектерді бірден байқайды.

8. Есіңізге бірнеше қызық әңгімелерді сақтап отырғаныңыз жөн. "Тағы не айтасың?" деген сұраққа тосылып, "Ымм..." деп отырып қалмаңыз. Орынды айтылған сөздер сізді ақылды, білімді жігіт ретінде көрсете алады.  Ал қыздар әдемі әзіл айта алатын, тәрбиелі жігіттерді жоғары бағалайды. Иә, иә, әзіл айта алатын жігіт - қыздардың арманы. Алайда, әзіл айтқанда аса абай болыңыз, әдепсіз, мәнсіз әзілдер сіз туралы жағымсыз әсер тудырады. 

9. Комплимент жайлы ұмыта көрмеңіз. Жылы-жылы сөйлесең, жібімейтін жүрек жоқ.

10. Кеш аяғына жақындағанда, сүйіктіңіздің құрбыларын үйлеріне дейін жеткізіп салғаныңыз дұрыс (тіпті, олар қаланың әр шетінде тұрса да). Ал өз қызыңызды соңынан апарыңыз. 

P.S. Есіңізде болса, Фионаның құрбылары ханшайымдар мен сұлу кейіпкерлер, ал Шректің достары есек пен мысықтар...

Форумға өз ойларыңызды жазып отырыңыз.

Сурет lifehackery.com сайтынан алынды. 

С. А