Жұрттың пікірін қалай қабылдасам екен?

Жұрттың пікірін қалай қабылдасам екен?

Біз үнемі сыртқы ортадағы адамдардың пікірімен күн кешеміз. "Сен қалай ойлайсың?", "Анау маған олай етпе деді", "Маған ақыл айтыңыздаршы", "Ол мені әбден мақтады", "Жұрттың көзінше жер-жебіріме жетті" деп жатамыз. Әр айтылған сөзді жүрекке аламыз, әр айтылған пікірді тура қабылдаймыз. Сөйтеміз де, күмән мен күдік толы әлемімізде күн кешеміз. Олай дұрыс емес. Бұл - сіздің өмір. Ендеше сүріңіз! Жұрттың бар пікіріне қарсы шық демеймін, бәрін дұрыс қабылдай біл деймін. 

Сыртқы сөзді дұрыс қабылдау оңай шаруа емес. Ол үшін сіз туралы қандай пікір айтылып жатса да, бәрін бейтарап қабылдауыңыз керек. Ұрысты да, мақтауды да... 

Қалай? 

Жаныңыздағы жандардың ішінен сізді түп-тұяғыңызға дейін білетін ең жақын жанды таңдап алыңыз да, тек соның ғана сөзіне сеніңіз. Тек содан ғана ақыл сұраңыз. Ол үшін ол жан сізге жағатын да, жақпайтын да дүниенің бәрінен хабардар болуы керек.

Арықарай...

Ешкім кедергі жасамайтын оңаша орын таңдаңыз. Алдымен досыңыз сіз жайлы бәрін ашық айта бастасын. Бәрін, бәрін. Сіздің ешкімге тән емес ерекше міезіңізді, айналаға қандай жағымды адам екендігіңізді айтсын. Мұның бәрін естіп сіз езуге ерік бересіз. Себепсіз жымиясыз. Өйткені мақтау сөз кімге жақпайды дейсіз? Жақсы қырларыңызды енді танып, ағыл-тегіл ақтарылып жатқан құрбыңызды құшақтап алғыңыз келеді. 

Болды, енді ол әлемнен шығыңыз!

Енді құрбыңыз сіздің созылған езуіңізді қайта жинап алатындай етіп сіздің жаман тұстарыңызды айта бастайды. Ол сізбен жақын емес адамдай сөйлеседі. Негізі сіз жауапсыз екенсіз, үнемі белгіленген жоспардан аутықып, уәдеңізге берік болмайды екенсіз. Қашан да өтірік пен сылтау айтудан шаршамайды екенсіз. Соның кесірінен достарыңызды да көп ренжітесіз. Кемшіліксіз пенде бола ма? Тек сол кемшілігіміз келіп бетімізге басылып жатқан кезде ұнжырғамыз түседі. Бірақ сіз шындықтың бетіне тура қараңыз!

Сабаңызға түсіңіз!

Құрбыңыз қайта тәтті сөздер айта бастады. Бірақ арасында тағы да сіздің кері тұстарыңызды бетіңізге басып қалып жатыр. Осылай плюс жағыңыз бен минус жағыңызды бір-бірден жағалап жүріп сіздің қандай адам екендігіңізді айта бастады. 

Сіздің әрекетіңіз қандай болуы керек?

Екі жақтан жетіп жатқан пікірлерді дұрыс қабылдай біліңіз. Сіз алғашқы әңгімеде әбден разы болдыңыз. Мына әлемде сізден артық керемет адам жоқтай кеуде кердіңіз. Тағы, тағы осындай жағымды мақтауларды ести бергіңіз келді. Ал сіз жайлы жағымсыз сөздер айтыла бастап еді, бірден басыңыз салбырап кетті. "Неткен нашар адам едім" деп ойладыңыз ішіңізден. Өзіңізді-өзіңіз жек көргеніңіз былай тұрсын, алдыңызда сайрап отырған сіздің құрбыңыз емес, қас дұшпаныңыздай көрінді. Ары қарай естігіңіз келмей кетті. Солай емес пе?

Сізді біреу жерден алып, жерге салып жамандап жатса, бейтарап күйіңізді сақтаңыз. Сізді біреу хан тағына отырғызғандай қылып мадақтап жатса да, бейтараптылықтан ауытқымаңыз. 


Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суретттер: diary.ru, vk.com

А. Әбілхан