Махаббатты құртатын өздерің...

Махаббатты құртатын өздерің...

Алдыңғы аптада редакциямыздың жігіттер қауымы бізге нағыз тосын сый істеді. Күнделікті қойылатын, біздің ойымызша жап-жақсы сұрақтарды "керегі жоқ, мүлдем орынсыз сұрақтар" деп атап, оларды түсінбейтінін айтты. Әрдайым жігіттерімізге жауап беретін біз, осы аптада бірінші болуды жөн көрдік.  Жігіттер мен қыздардың бірін-бірі түсіне алмауы қыздарға ғана байланысты емес. Аруларды жігіттерде ашуландыратын нәрселерді атап өткіміз келеді. Ал, кеттік.

1.  Ұқыпсыздық. Үйдің түкпір-түкпірінде шашылған шұлықтар, шкафта болып көрмеген киім-кешек, өшірілмеген шамдар, тіс пастасының жабылмаған қақпағы және тағы да басқа толып жатқан ұсақ-түйектер. Өз артыңыңыздан жинап жүрген соншалықты қиын ба? Үйіңізде әйел болмаса, пәтеріңіз бір айдан кейін қандай жағдайда болар еді?

2. Ұмытшақтық. Өмірлеріңіздегі маңызды күндерді, туған күндерді (әсіресе енеңіздің) ұмыту дарыны жігіттерге туғаннан берілетін болар. Әй жігіттер, ұялы телефонға жаднама жазып қоюға болады ғой!

3. ФУТБОЛ! Сірә, осы ойын әйелдердің көбісінің жүйкесіне тиіп біткен болар. Теледидар алдында 2 сағатқа отырып алумен қоса, бізді еш байқамай, футбол әлеміне кіріп кетесіздер! Сол футболды көре беріңдерші, тек арасында біздің бар екенімізді ұмытпасаңыз қайтеді?

4. Достар мен әріптестермен бітпейтін кездесулер, отырыстар, балық аулау, сыра ішу... Осының бәріне де көнер едік, тек бізді неге бірге алмасқа? Алмасаңыздар да неге достарыңызды сүйіктіңізден жоғары қоясыздар?

5. Жұмысқа басымен кіріп кету. Иә, жұмыс деген жақсы, ал жақсы ақша беретін жұмыс одан да жақсы. Сонда да жұмыста түнгі 10-ға дейін отыру деген сұмдық қой! Ол жетпегендей, жұмысын үйге алып келетін еркектер де толып жатыр. Бастығы қоңырау шалса, бізге қол бұлғап жүгіріп кететіндерің не? Неліктен өмірлік ұстанымдар тізімінде ғашығыңыз жұмыстан кейін тұрады? 

6. Әйелдерді дискриминациялау. "Көлік айдаған әйел - граната ұстаған маймыл" сияқты ойлар - еркектің өмірлік аксиомалары. Маңызды жағдайларда бізге сенбейсіздер, іс тапсыруға қорқасыңдар. Ал тамақ істеу, үй жинау, бала бағу - тек әйелдің шаруасы деген жігіттерге сонда не істеу қалады? Футбол қарау мен сыра ішу ме?

7. Комплимент айта алмау. Ал кейде оны айтатындай себеп көре алмау. Жаңа көйлек, сырға, етік... Жігіттердің көздері осындай керемет нәрселерді көре алмай жаратылған сияқты. Бұл біз үшін ұсақ-түйек емес! Осы киім-кешектің бәрі сіздердің көңілдеріңізден шығу мақсатында алынған, ал сіздер оны тіпті байқамайсыздар.

Сонымен, құрметті жігіттер. Сіздердің бойыңыздағы осындай қасиеттерді түсіне алмай қойдық. Осы жайттарға мұқият болып, өздеріңізді кішкене болса да өзгертуге тырыссаңыздар ғой! Біз сондай әр түрлі болсақ та, біргеміз!

P.S.  Біздің ашуымызды келтірмей, өздеріңіз де ұрыс естімейміздер. Бір-бірімізді тануға ұмтылайық.

Қосарыңыз болса форумға келіңіз.

Cурет thetraininglifestyle.com сайтынан алынды.

С. А