Қош келдің, сарбазым!

Қош келдің, сарбазым!

Тап бір кеше ғана болғандай, бәрі де есіңізде, бәрі де көз алдыңызда… Сіздің «Төлегеніңізді» әскерге алып кетті. Қоштасу сәтіндегі көзден аққан жастар... «Күтемін» деген аяулы уәдеңіз... Ол жоқта бәрі де қиын болды. Оған деген сағынышыңыз мәңгілік секілді болып көрінетін. Сүйіктіңізден келген хаттар ғана жаныңызды жылытатын, бірақ ол да сағынышты жеңе алмады.

Сеніңіз, сіздің «сарбазыңызға» да оңай емес. Қарулы күштер қатарындағы қызмет – әрбір ер азаматтың өміріндегі ең маңызды, ең жауапты сәттердің бірі. Оған қоса заманауи әскер туралы ел аузында небір аңыздар бар. Көпшілік қауым жігіттердің әскерден кейін қалай өзгеретіндігін айтып жатады.

Енді міне, бәрі де өткеннің еншісінде, уақыт өз көшімен кетті, оның әскерден қайтатын мезгілі де таяп жетті. Бір жыл бойы оны көргенде не айтатыныңызды, не істейтініңізді қиялдаумен ұйқыға кеткен сәттеріңіздің көп болғанын жақсы білеміз. Алайда сіз бен жігітіңіздің «өмір» атты кітаптарыңызда алтын әріптермен жазылатын бұл сәтті мәңгілік есте қаларлықтай өткізу керек. Сіздің қиялыңызға қиял қосу мақсатында «Жігітті әскерден қалай күтіп алу керек» деген әңгіме төңірегінде ой өрбітпекпіз.

Сіздің аяулыңызды алыстан алып келе жатқан пойыздың келетін уақытын нақты біліп алыңыз. Күн таяп жеткен кезде, анықтамалық бөлімге қоңырау шалып, пойыздың уақытынан бұрын немесе одан кеш келетіндігі туралы жоспарлардың бар-жоғын тағы да анықтап алыңыз.

•Егер жігіттің отбасының да күтіп алу рәсіміне қатысқылары келсе, тіптен жақсы. Бірге барыңыздар. Оның сіздерді бірге көріп қуанып қалатыны сөзсіз.

•Немесе ортақ достарыңызды ертіп барыңыз, күтіп алушылардың көп болғаны жігіттің көңіл-күйін көтереді. Қолдарыңызға түрлі шарлар мен әдемі сөздер жазылған қағаздарды алып алсаңыздар, тіптен жақсы.

•Ал егер, қуаныштарыңызды өзгелермен бөліскіңіз келмесе, өзіңіз барыңыз. Тек гүл шоғын алып барудың қажеті жоқ. Сіздің жүрек жылуыңыз бен мейірім мен сағыныш толы көздеріңіз кез келген гүлден он есе қымбат болмақ. Алдын ала таксиге тапсырыс беріп қойыңыз.

•Ең алдымен, қаладағы ең тыныш, ең әдемі, өздеріңіз бірге қыдырғанды ұнататын саябаққа барғандарыңыз жөн. Немесе қала ішіне шағын саяхат жасатыңыз. Қалада болған өзгерістерді, жаңа ғимараттарды көрсетіңіз. Үйленген, сәбилі болған жолдастарыңыз туралы айтыңыз. Сеніңіз, оған дәл сол уақытта бәрі де қызық болады.

•«Сұлтаныңыз» бір жыл бойғы жоспарлы өмірден әбден шаршады. Әскерде бәрі кестемен: таңертең ерте тұру, тамақ, жаттығу, уақытылы ұйқы... Әсіресе адамның әскерден бұрын қарулы күштерге еш қатысы болмаған болса, бәрі де оған қатты қиындыққа соғады. Сондықтан оны киноға немесе театрға апарыңыз. Соғыс, атыс-шабыс туралы қойылымдарды таңдап қойып, қателікке жол бермеңіз. Ең абзалы махаббат, сезім туралы романтикалық немесе комедиялық фильмдерге барыңыздар.

•Оны сізден де қатты жақсы көретін, сізден де қымбат жанұясы бар екендігін есіңізден шығарып алмаңыз. Егер жігіт отбасымен бірге болғысы келсе, қарсылық танытып қойып жүрмеңіз. Сіздердің алда әлі талай уақыттарыңыз бар. Ал егер, оның отбасы тым алыста, сіздер тұрған қалада болмаса, кешкі асқа алып барыңыз. Мейрамханаларға қарағанда, өз қолыңыздан шыққан дәмді тағамдардан жайылған дастархан кештің сәнін келтірмек. Оның ұнататын музыкасын қойып берсеңіз, артық болмайды.

Ең бастысы, көптеген қыздарды: «Жігіттер әскерден соң өзгере ме?» деген сұрақ мазалайды. Өкінішке орай, бұл сұрағыңызға біз де, басқалар да жауап бере алмаймыз. Өйткені, адамдар да, олардың жан дүниесі де әр түрлі және өзгерістерді де әр түрлі қабылдайды. Нақты айта алатынымыз, олар әскерден соң салмақты және жауапты бола түседі. Шыдамдылық танытсаңыз, қалған өзгерістерді, бірнеше күннен кейін өзіңіз де байқайтын боласыз.

Қалай болғанда да, сіз өте бақытты жансыз! Өйткені, сіз - Отан алдындағы абыройлы борышын өтеп келген нағыз азаматтың, сарбаздың сүйікті перизатысыз!

Суреттер:sympaty.net,womanadvice.ru,vk.com,belo-chernoe.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева