Ер адамды аямаңыз (аудио-подкаст)

Ер адамды аямаңыз (аудио-подкаст)
Фото: Тәуекел Мүсілім, сурет көрнекілік мақсатта қолданылды (Yvision)

Ер адамды аяушылық сезімі тежеп тастайды. Ер жігіт – істің, ерліктің адамы. Оны сыйлау керек, оған бағыну керек, бірақ ешқашан еркекті аяуға болмайды. Бұл ер адам тағдырдың сынына ұшырағанда жалғыз өзін тастап кету деген сөз емес. Аяушылық пен қолдау – екі бөлек ұғым. 

Егер еркекті аясаңыз, одан әрі өсіп-дамуына кедергі боласыз. Ер жігіт әйел затына қарағанда мықты болып жаратылған. Сондықтан нағыз еркек басына түскен ауыртпалықты көтере алады. 

Қолдау білдіру дегеніміз – "сенің жаныңдамын, сен қандай жағдайға тап болсаң да, сені тастамаймын, сен – мықтысың, бәрін жеңесің, күшің жетеді" деп айту. Ал "оның қолынан келер ме екен, бұл жұмыс оған ауыр" деу – еркекті мүсіркеу. Ол – сіздің балаңыз емес, сіз оның анасы емессіз. Еркектің өз күшіне сенуіне, отбасының отағасы болуына мүмкіндік беріңіз.  

Ер адамға қалай қолдау көрсетуге болады?

Ең бірінші ереже – аямаңыз, мүсіркемеңіз. Ер адам оны қажет етпейді, өйткені, ол бізден мықты болып жаратылған. 

Екіншіден, оның қиындықтарын шешемін деп әуре болмаңыз. Басына түскен ауыртпалықты жеңілдетем деп алдын кес-кестемеңіз. Әйелдің тасасына тығылатын жасық еркек жасап шығармаңыз. 

Үшіншіден, оны тыңдай біліңіз. Еркектер әдетте көп сөйлемейді. Ашылған кезінде мұқият тыңдап, ішкі дауысын естуге тырысыңыз. 

Төртіншіден, ер адамды мақтаңыз. Оның жақсы қасиеттерін айта беріңіз. Жеткен жетістігін үнемі есіне түсіріп отырыңыз. Жұрттың көзінше жарияға жар салсаңыз да артық етпейді. 

Бесіншіден, ер адамға сеніңіз. Оның қолынан бәрі келеді. Өйткені ол – еркек. Оған сенім білдірсеңіз, отбасында  сіз ханшайым боласыз, ол патшаға айналады. 

М. Оңғарова