5 минутта күйзелістен арылудың жолдары

5 минутта күйзелістен арылудың жолдары

Жұмыс аптасының басында стреске шалдығуға еш болмайды. Егер сондай жағдай орын алып, жұмыстан жалығып, шаршап қалсаңыз, 5 минутта стрестен арылудың 5 жолымен таныс болыңыздар.

1. Серуендеп келіңіз. Мүмкіндік болса, таза ауаға шығып, серуендеп келіңіз. Жұмыс уақытында кеңсеңізден шығуға болмаса, кеңсенің ішін аралап қайтыңыз. Басқа қабаттағы әріптесіңізге, бұрыштағы ешкім отырмайтын бөлмелерге соғып келіңіз. Бастысы орныңыздан тұрып, компьютерден бірнеше минутқа болса да демалыңыз. Осы уақытта ойыңыз жинақталып, жұмысқа жаңа қарқынмен кірісе аласыз.

2. Кітап оқыңыз. Кітап оқу - көңілді басқа нәрсеге аударып, сәтсіздіктерді ұмытудың бірден-бір жолы. Ертегі, шытырман оқиғаға толы әңгімелер осы жағдайға дәл келеді. Бастысы кітап оқу арқылы ойыңыз басқа жерге ауысып, қиындықтарыңыз алыс жерде қалуы керек. 5 минуттық кітап терапиясынан кейін өзіңізді әлдеқайда жақсы сезінесіз.

3. Қызықты бейнебаян қараңыз. Жұмыстан 5 минутқа демалып, ғаламтордан қызықты, күлкілі бейнебаян тауып қараңыз. Стресс осындай дауадан кейін өзімен-өзі жоғалып кетпек. 

4. Шай ішіңіз. Кофе емес, шай! Кеңсеңізде емдік шөпті шай болса, тіптен жақсы. Шай қайнатқанша, сергітіп, тыныштандыратын дәрілік шайдың әсерінен де біраз демалып қаласыз.

5. Терең демалыңыз. Қиындық жайлы ойланып, уайымдап отырғанда, тынысыңыз жиілеп, ағзаңызға ауа жетіспейді. Сол себепті тынысыңызды дұрыстауға тырысыңыз. Кеудемен емес, ішпен дем алып көріңіз. Дәрігерлердің айтуынша, осындай тыныс жаттығулары кез келген ауруды тез арада басып, ағзаның жұмысын жақсартады. Ал денесі саудың көңілі де жайлы болады емес пе?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: 5psy.ru

С. А