Жаңа әріптестердің көңілінен қалай шығамын?

Жаңа әріптестердің көңілінен қалай шығамын?

Күз - өзгеріс мезгілі. Егер сәтіңіз түсіп, осы күзде жұмыс ауыстырсаңыз, мына мақала сізге пайдалы бола алады.

Танысыңыз

Танысу - коллективпен тіл табысуға басты қадам. Өзіңізді байыпты, салмақты, өзіне сенімді маман ретінде көрсетіңіз. Амандасып, өз атыңызды айтыңыз. Жеке әр қызметкермен таныссаңыз, тіптен жақсы. Әріптесіңіздің көзіне тура қарап, дауысыңызды шығарып, батыл сөйлеңіз. Әркімнің есімін сұрап, есте сақтауға тырысыңыз. Қорықпаңыз, олар да сіз сияқты адам емес пе? Келесі күні амандасып, қалын сұрауға ұмытпаңыз.

"Барып кел, шауып келге" айналмаңыз

Әріптестеріңіз бен басшылығыңыздан сізге тиісті қызмет жайлы сұрастырыңыз. Басқаларға өз жұмысын сізге арттыруға бермей, өз міндеттеріңізді ғана жасаңыз. Қысқасы ешкімді мойныңызға отырғызбаңыз.

Ұялмаңыз

Әркім өзінің бірінші жұмыс күні не істеуі керектігі жайлы білмей отыратыны белгілі. Сондықтан жаңа әріптестерге сұрақ қойып, көмек сұраудан ұялмаңыз. "Ұялшақ" атағы жабысып қалса, ертең әріптестермен тілдесу тіптен қиынға соғады.

Тыңдаңыз

Кеңседе құлақшынмен әуен тыңдағанның орнына, кеңселік әңгімелерді тыңдап отырыңыз. Сонда әріптестеріңіз жайлы көбірек біліп, кеңселік жаңалықтардан құр қалмайсыз. Мүмкіндік болғанда, өзіңіз де әңгімеге кірісіп, өз ойыңызды айту арқылы, әріптестеріңіздің арасында таныла бастайсыз.

Күлімсіреңіз

Жаңа әріптестер мен басшылықтың көңілінен шығудын бірден-бір жолы - күлімсіреу. Әрине езуіңізді жимай, әріптестерді әзілдермен шаршатып жүрмеңіз. Арасында әзіл айтып, күліп, көз қысып қойсаңыз, жеткілікті.

Ең бастысы есте сақтаңыз: кеңседегі сіздің жаңа әріптестеріңіз сіз сияқты қызмет жасап, нанын тауып жүрген кісілер. Күнделікті бірге отыратын адамдармен неге достаспасқа?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: asks.ru

С. А