«Жаман күнде» жан қалауын табу үшін... ☺

«Жаман күнде» жан қалауын табу үшін... ☺
Фото: oppps.ru

Таңертең күн қалай басталса, көп жағдайда кешке дейін сол көңіл күй сақталады. Ұйқыңыз қанбағанына ашуланып не себепсіз қабақ түйіп, бұлқан-талқан боп жүрсеңіз, күні бойы жолыңыз болмауы мүмкін. Керісінше, күнмен бірге күліп оянып, іштей тілектеріңізді қайталасаңыз, айыңыз оңынан туып, алдыңыздан барлық есік айқара ашылады. Өзгелер де сізге қарап көңілдері көтеріледі. Ал жағымсыздықпен басталған күнді қалай өзгертуге болады?

☺ Алдыңызға бірнеше мақсат қойыңыз. Оның көлемі мен маңызына мән бермеңіз. Бастысы қойылған мақсатқа жеткеннен кейінгі көңіл күйіңіз маңызды.

☺ Душқа әлде ваннаға түсіңіз. Жылы су. Хош иіс. Тазалық. Су сылдыры. Барлығын бір сәт ұмытып, рахаттанасыз. Тәніңізбен бірге жаныңыз да тазарады.

☺ Үй жинаңыз. Киімдеріңізді шашып тастап, қайта реттеңіз. Кітап сөресін тазалап, артық заттардан арылыңыз. Тым құрығанда жұмыс үстеліңізді не сөреңізді тап-тұйнақтай етіп ретке келтіріңіз. Шаршап не көңіл күй болмай тұрғанда жинауы несі деуіңіз мүмкін, бірақ іс біткен соң рахатын сезінетініңізді елестетсеңіз, қазір-ақ кірісіп кетуге болады. Оның үстіне бұл әрекет миға да реттілік сыйлайды.

☺ Перде мен терезені ашыңыз. Таза ауа мен табиғи жарық ғажайыптар тууына, шабыт шақыруға, жаңа істің жаршысы болуға септігін тигізетіні тәжірибе жүзінде дәлелденген. Одан бөлек, терезе ашу ұйқыны, тәбетті және көңіл күйді реттейді.

☺ Үстіңіздегі киімді кірге тастап, таза киім киіңіз. Мүмкіндігіңіз болса, бұрынғыдан мүлде өзге стильде жаңа киім сатып алыңыз. Көңіл күйіңіз қалай көтерілгенін де байқамай қаласыз.

☺ Отырып-тұрып, иіліп-бүгіліп жаттығу жасаңыз, билеңіз.

☺ Жаныңыз қалаған тағамды жеңіз. Бірақ ол денсаулыққа пайдалы болуына да ден қойыңыз. Көкністер мен жемістер жеңіз. Жеміс-жидекті балғын күйінде жегіңіз келмесе, оны турап, езіп, смузи жасаңыз.

☺ Күніңіздің көп бөлігін бөлмеде өткізетін болсаңыз, бүгін бір күнге ас бөлмеге не қонақ бөлмесіне көшіңіз. Көшеге шығып, серуендеп келіңіз.

☺ Бір стақан су ішіп, жаныңызға тағы бір стақан су ала кетіңіз. Бұл – сіз жатқа білсеңіз де орындамайтын қағида. Бірақ есте тұтыңыз, өмірде стақан судың маңызы айрықша.

Қандай жағдай болса да берілмеңіз. Мұндай күй барлығының да басында болады.

@. @assel_assanova