Сүюді бақыт дейсіз бе?

Сүюді бақыт дейсіз бе?
Фото: Жандос Дінмұхамедов

Рас, адам өмірінде махаббат, ғашықтық сезім болмаса, бақытының тең жартысынан айрылғандай сезінеді. Өмірлік серік жолықтыру, біздің пешенемізге жазылған нәрсе.  Алайда, қоғамда, бірін-бірін  жолықтыра алмай жүргендер қаншама? Бірін-бірі сая еткісі келетіндер ше? Бірақ тағдырдың жазғаны ма, әлде уақыттың баяу асығыссыз паң басқаны ма, әйтеуір жанына жақын адамдардың жоламай-ақ қойғаны-ай. Тағдырдың осы сынағы үшін аруларымыз өзін жазғырса, ерлеріміз ертеңін ойлап есеңгірейді. Бірақ оған налудың қажеті жоқ.

Уақыт маусымы біреуге ерте, біреуге кеш көңіл көктемін әкеледі. Бұның барлығына төзіп, шыдаған адам ғана расымен, бақытты бола алады. Егер сіздің құрбыларыңыздың сүйіктісі болып, сізге әлі, сол жігіт жолықпай жүрсе назданбаңыз! Бұл – өмірдің сізге арналған сыйы. Мүмкін, болашағыңыздың жұмбақ болғаны дұрыс шығар.  Асықпаңыз! «Асықпаған арбамен қоянға да жетеді», дейді халық даналығы. Сіз ол жайында ойлап, бас қатырғанша, өзіңіздің еркін, бос екеніңізді еске түсіріңіз. «Ол жерге барма, мында шықпа» немесе «мына көйлекті киме, ана досыңмен сөйлесуіңді қысқарт» деген сөздер сізді мазаламайтын болады.

Өзіңізге өзіңіз қожасыз. Тіпті, кейде, қарым-қатынас ұлғайып, сезіміңіз артқан жағдайда да уақытша үзілістер артық етпейді. Себебі адам бірге жүрген кезде өзінің индивидінен түгел айрылады. Сондықтан тұлғалық қасиеттерді арттыру үшін үзілістің де артығы болмайды. Өз-өзіңізге сенімділігіңіз артады. Жан-жақты айтылған мақтаулар мен басқа да адамдардың тарапынан ықыласқа бөленсеңіз, тек бір адамға емес, басқа да жандарға қаншалықты қымбат екеніңізді анықтайсыз.

Болашақ жарыңыздың сізге жұмбақ екені сіздің өмір сүруге деген құлшынысыңызды арттырады. Өзіңізбен жеке қалып, тынығуға көп уақытыңыз болады. Бұл әрине, сүйіктіңізді таппай, осылай жалғыз жүрудің оң жақтары  деген сөз емес. Тек араға уақыт салып, осындай тәжірибе жүргізіп тұрғаныңыз дұрыс. 

Н. Айдархан