Жігіттермен достасқыш қыздар туралы

Жігіттермен достасқыш қыздар туралы
Фото: voxpopuli.kz

Қоғамда қыз бен жігіттің достығы, соңы махаббатқа ұласуы өзектілігін жоймайтын тақырып. Алайда бүгін сөз еткелі отырғанымыз сәл өзгерек. Тұрақты бір жігітпен достасып, сырласып жүретін емес, бірнеше жігітпен қатар бауырындай достасатын қыздар туралы. Кей оқырмандарымыздың пікірі бойынша, мұндай қыздар жігіттерге ұнамайтын көрінеді.

Жігіттермен достасқыш қыздарды кінәлауға болмайды. Оған себеп көп:

Көбінесе көршілері өңкей ұл балалар болғандықтан, бүлдіршін кезінен ұлдармен ойнап өскендер, отбасында ағалары мен інілері арасында жалғыз қыз боп, солармен алысып ойнап өскен қыздар ұлдармен дос болғыш келеді.

Не, керісінше, тағдырдың талқысымен отбасында әкесі де, ағасы да болмай, үйден ала алмаған жылуды сырттан іздеген қыздар жігіттермен дос болуға ұмтылады.

Қыздар арасында көре алмаушылық, өсек-аяң, қызғаныш көп болады. Ал жігіт досымен мұндай мәселелер туындамайды. Барлық қыздан көңілі қалып, жақын құрбы болуға лайық қыз таппағандықтан, жігітпен достасуды әлдеқайда оңай санайды. 

Егер сізге жанары төмен қарап, үнемі ұяңдық танытып тұратын қыздан басқалары көңіліңізден шықпайтын болса, мұндай қыздар ұнамауы мүмкін. Сонымен қатар, болашақ жары ретінде сізбен кездесіп жүріп, досының артықшылығын айтып қалуы да мүмкін. Бұл жүйкеңізге тиіп, қызғаныш сезіміңізді оятады. Есесіне, жігіттермен достасқыш қыздардың артықшылығы да жетерлік:

Олар жігіттердің психологиясын жақсырақ біледі. Қай сөзіңізге қандай жауап қатуды, қай кезде үндемей қалуды, қысқасы, орынды сөйлеуді меңгерген.

Кез келген адаммен оңай тіл табысады. Не айтарын білмей, аузына су толтырып алған адамдай отырмайды. Іш пыстырмай, үнемі айтарға әңгіме табады.

Ойын көтере алады. Өзі де қалжыңға жақын. Кез келген әзіліңізге әзілмен жауап беруге үйренген.

Ең жақсы жері, өмірлік жары болар жігітті кездестірген күні-ақ, басқа ұл достарымен қош айтысуға бар. Себебі көп қыз достыққа қарағанда, барлығынан махаббатты бірінші орынға қояды. Сүйгенінің қалауын орындап, дегеніне көнеді.

@. @assel_assanova